Фото: Қарағанды облысының прокуратурасы
Түркістан облысында прокурорлар таулы аймақтарда орналасқан 270 жер учаскесі элиталық саяжай құрылысына заңсыз берілгенін анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар аталған өңірде азаматтарға жалған құжаттар ұсыну арқылы 26 жер учаскесі рәсімделген және 28 жер учаскесінің орнын заңсыз өзгерту фактілері орын алған.
Жергілікті атқарушы органдар Түркістан қаласы, Сарыағаш, Сайрам, Төлеби және Түлкібас аудандарындағы 200 ауыл шаруашылық жерлерінің нысаналы мақсаттарын негізсіз тұрғын үй құрылысы және демалыс аймақтарына өзгерткен.
"Осы деректер негізінде жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне қатысты билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану және алаяқтық фактілері бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды.
Бұдан бөлек прокурорлардың ұсынысы негізінде мемлекеттік органдар 400-ден астам жерді мемлекет меншігіне қайтару процесін бастады" - делінген хабарламада.