Көрнекі фото: © AFP 2023 / Lakpa Sherpa
Бүгін Түркістан облысы ТЖД құтқарушылары 3 шілдеде жоғалған 1967 жылғы ер адамның денесін теңіз деңгейінен шамамен 3800 метр биіктіктен тапты. Турист таудың басынан түсіп келе жатқанда арқан үзіліп, ол мұз бойымен домалап, еңіске құлаған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазір оны жаяу түсіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Тауда қалыңдығы 20 см қар жамылғысының жатуы, жер бедерінің таулы-тасты болуы түсіру жұмысын қиындатып отыр.
Сондай-ақ шатқалдардың тік орналасуы және көптеген табиғи кедергі құтқарушылардың қимыл-қозғалысын қиындатады.
Іздеу жұмыстарына Түркістан облысы Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен Альпинизм федерациясының кәсіби альпинистері жұмылдырылды" - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, Сайрам шыңы - батыс Тянь-Шань жүйесіне жататын Өгем жотасының ең биік нүктесі. Оның биіктігі - 4238 метр. Шыңына жету қауіпті, оны тек кәсіби альпинистер бағындыра алады.