16 қаз, 2022 сағат 20:54

Түркістан облысында Республика күніне орай «Қоқыссыз табиғат» экоакциясы өтті


Мемлекет басшысы жариялаған «Қоқыссыз табиғат» жалпыұлттық акциясы және 25 қазан – Республика күніне орай Түркістан облысында экологиялық сенбілік өтті, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Түркістан облысының Өңірілік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Акцияның басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарды қоршаған ортаны ластамауға, тазалықты сақтауға шақыру.

Маңызды мемлекеттік мереке қарсаңында өңірдегі мыңдаған азамат қолдарына қажетті құрал-саймандарын ұстап сенбілікке шықты. Тазалық шарасына облыстағы аудан, қалалар мен ауыл округтеріндегі мекеме ұжымдары, белсенді жастар мен еріктілер жұмыла атсалысты. Сенбілікке қатысушылар туристік аймақтарды және көшелер мен саябақтарды, арық-атыздарды қоқыстан тазартып, арнайы орынға шығарды.

Ауқымды акцияға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері де белсене атсалысты. Орталықтың басшысы Ерасыл Төлебаевтың айтуынша, бүгінгі акцияға өңірдегі үш мыңнан аса ерікті жас қатысқан.

«Тазалықтан тән де, жан да тазарады. Өңірімізде туған жердің тазалығына бейжай қарамайтын азаматтардың қатары артып келе жатқаны қуантады. Экологиялық акция барысында жастар туристік нысандарға барар жолдар мен саябақтарға санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. Жалпы, Түркістан облысының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында игілікті істер жүзеге асуда. Мәселен, облыс орталығында 7700 га жерге «Жасыл белдеу» құру жоспарланып, бүгінгі таңда барлығы 13 629 га жерге көшеттер егіліп, күтіп-бапталуда. Алдағы уақытта «Жасыл белдеу» аумағын 30 мың гектарға жеткізу көзделуде. Тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің маңызды көрсеткішінің бірі екенін ескерсек, сенбілікте ғана емес, әр күні айналымызды таза ұстауға атсалысайық», – дейді ол.

Сенбіліктің арқасында облыс аумағы тазарып, көшелері көріктеніп, ажарлана түсті. Аталған акция өңірде алдағы уақытта да жалғасады.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысының 2 млрд әртүрлі ағаш көшеттерін отырғызу тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысы бойынша 5 жылда 132 мың гектар жерге 210 млн-нан аса ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары атқарылуда.