20 қар, 2018 сағат 14:06

Түркістан облысында өлім-жітім көрсеткіші төмендеді

Түркістан облысында 2018 жылдың 10 айында жалпы өлім-жітім көрсеткіші  3,8-ді құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,6 пайызға төмендеген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев мәлімдеді.

Сондай-ақ,  ана өлім-жітім көрсеткіші өткен жылдың 10 айлық көрсеткішімен салыстырғанда 4,2 пайызға төмендеп, республика бойынша облыс 9 орынға тұрақтаған.

«Өңірдегі нәрестенің өлім-жітім көрсеткіші 8,6-ны құрап,  өткен жылмен   салыстырғанда 16,2 пайызға төмендеді. 10 айлық нәтижесінің қорытындысы бойынша облыс нәресте өлімі көрсеткіші республикада 6-орында. Бұдан өзге, кадрлық ресурстар бойынша облыстағы дәрігерлер саны - 4957. Бұл 10 мың халыққа шаққанда 25,4 көрсеткішті құрайды.  Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 10 айында облыстық деңгейде 4350 маман, республикалық деңгейде 1716 маман біліктілігін арттырды. Сонымен қатар, 63 маман Мәскеу, Қазан, Минск, Санкт-Петербург, Новосибирск қалаларының клиникаларында білімін жоғарылатып, тәжірибе алмасты», - деді Мұқан Кеңесбекұлы.

Басқарма басшысының айтуынша, Түркістан облысында 38 медициналық ұйым медициналық ақпараттық жүйеге 100 пайыз қосылған.