09 мау, 2023 сағат 10:37

Түркістан облысында оқушылар төбелесіп, 1 бала ауруханаға түсті

Көрнекі сурет: mkchita.ru

Түркістан облысында мектеп оқушылары арасында жаппай төбелес болды, деп хабарлайды Otyrar.kz.

Портал мәліметінше, оқиға салдарынан 9 сынып оқушысы қатты соққы алып, ауруханаға түсті. Жасөспірімнің бас сүйегі сынған. Сондай-ақ 20 бала ұсталды. Тәртіп сақшылары ұсталған 20 бала ішінен тек 1 баланың үстінен қылмыстық іс қозғаған. 

Құсшы ата ауылында 60-тан астам бала төбелес шығарған. Елдімекеннің бір жағы Кентау қаласына қараса, екінші бөлігі Сауран ауданына тиесілі. Сондықтан болар, мұндай жайт жиі қайталанып тұрады екен.

Бұл жолғы төбелестің соңы қан-жоса қырғынға ұласқан. Тіпті, төбелес кезінде оқушылар лақтырған тастар көше бойындағы үйлерді бүлдірген.

Төбелес кезінде 9 сынып оқушысы қатты соққы алған. Жасөспірімнің бас сүйегі сынып кетіпті. Салдарынан қан тоқтамай, дәрігерлер ота да жасаған.

Фото: Otyrar.kz

Ауылдағы екі мектептің оқушылары қайта-қайта жаға ұстасып қала бергендіктен, мектеп әкімшілігі жиналыс та өткізген. Алайда нәтижесін бермепті. Бұл жолы төбелес түн ортасында орын алған.

Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тәртіп сақшылары 10 сынып оқушысына қатысты қылмыстық іс қозғаған.

“Тергеуге 20 шақты бала жеткізілді. Қазір тергеу жүріп жатыр. Күдікті өз кінәсін мойындап, болған оқиға барысы анықталып жатыр. Ауруханадағы баланың басынан бір бала ғана ұрған екен” - дейді Кентау қалалық ПБ бастығы Ерлан Қыдыров.

Полицейлер іс тек ұсталған балалармен ғана жабылмайтынын жеткізді. Ауыл жастарынан сұрақ-жауап алынады. Жаппай төбелеске қатысқандар көрсеткішін арнайы комиссия өкілдері бекітеді.