Фото: Келес Аудандық Полиция Бөлімі/facebook
Полиция қызметкерлері Түркістан облысындағы жасөспірімдердің төбелесіне қатысты тергеуді бастады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Айта кетейік, әлеуметтік желілерде мектеп оқушысының аяусыз соққыға жығылғаны түсірілген видео пайда болды.
21 қыркүйекте Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, 11 сынып оқушылары арасында келіспеушілік болғаны жайлы арызданған.
"Оқиға орнына бірден Түркістан облысы ПД мен аудандық полиция бөлімінің басшылығы барды.
Анықталғандай, Келес ауданындағы мектептің жоғары сыныптағы екі оқушысы өзара сөзге келіп, келіспеушілік туындаған. Олардың бірі көрші мектептегі жоғары сынып оқушысын шақырған. Келген оқушы жәбірленушіні соққыға жыққан.
Соның салдарынан жарақат алған 11 сынып оқушысы ауруханаға түсті. Қазір ол емделіп жатыр" - делінген аудандық ПБ хабарламасында.
Оқиғаға қатысты сот-сараптамалары тағайындалған.
Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 2-бөлігі (Бұзақылық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
"Бұған дейін Түркістан облысы ПД бастығының тапсырмасымен облысқа қарасты 17 ауданда полиция, әкімдік пен мектеп ұжымы жиналып, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Ата-аналардың қатысуымен арнайы жиналыстар өткізілді" - дейді ПБ баспасөз қызметі өкілдері.