Ағымдағы жылдың 11 ай қорытындысымен комитет құзыретіне жататын кірістер бойынша мемлекеттік бюджет жоспары 121,7 млрд.теңге болса, нақты 128,9 млрд.теңге қаржы өндіріліп, жоспар 106 пайызға орындалды. Бұл туралы Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Еркін Елшібеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, комитет құзыретіне кіретін түсімдердің өсу қарқыны 17,2 млрд.теңге артқан. Оның ішінде, республикалық бюджет – 14,1 млрд.теңгеге артқан болса, жергілікті бюджет түсімдері – 3,1 млрд.теңгеге өскен.
«Ағымдағы жылдың 5 желтоқсанында жинақталған мәліметке сәйкес, жыл қорытындысымен республикалық бюджет жоспары 5,9 млрд.теңге артығымен орындалады деп болжамдалып отыр. Сондай-ақ, жыл қорытындысымен жалпы жергілікті бюджеттің жоспары 100,5 пайыз орындалады деп межеленуде», - деді Еркін Кеңесбекұлы.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын көтеру бойынша негізгі жұмыстар қызметтің электронды форматта көрсетілуне бағытталған. Атап айтқанда «Электрондық үкімет» веб-порталы мен «Салық төлеуші кабинеті» веб-қосымшасы жүйелерінің жұмыс жасауы электронды түрде қызмет алудың үлесін айтарлықтай арттырып отыр. Мәселен, «Салық төлеуші кабинеті» веб-қосымшасында бет есептерін көру, салыстыру актісін алу, бет есеп көшірмесін алу, салық есептілігі нысанын дайындау және тапсыру, салық режимін таңдау және қолдану үшін хабарлама беру сияқты көптеген қызметтерді алуға болады.
«Электронды түрде қызмет алуға арнайы барлық аумақтық басқармалар ғимараттарында және ауылдық әкімшіліктерде «Салық төлеуші терминалы» орнатылған. Ал электронды түрде қызмет алуға мүмкіндігі жоқ салық төлеушілер аумақтық кірістер органдарына барып, барлық аумақтық басқармаларда жұмыс жасайтын «Ақпараттарды қабылдау, өңдеу және беру» орталықтарынан қызмет алуына болады. Бұл жерде де сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін «Бос терезе» қағидасымен қызмет көрсету қарастырылған», - деді Еркін Елшібеков.
Сонымен қатар, қазіргі таңда кез-келген салық төлеуші азамат аумақтық мемлекеттік кірістер басқармаларына салықтың есептелуі, төленуі, жер, мүлік және көлік салықтары бойынша «WhatsApp» мессенджері арқылы сұрақ қойып, ақпарат алуына болады. Аталған қызметті пайдалану үшін дүйсенбі-жұма күндері сағат 09-00 бен 18-30 аралағында 8 771 898 9255 нөміріне сауал жолдайды. Бұдан өзге, www.kgd.gov.kz интернет ресурсы және «Электронды үкімет» порталы «Салық берешектің жоқтығы туралы ақпарат» электронды сервисі арқылы онлайн режімінде ЖСН бойынша салық берешектің бар-жоқтығы жайлы ақпарат алуға болады.
Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі