29 қар, 2018 сағат 13:45

Түркістан облысында «Қазақ дастарханы» фестивалі өтті

Тұңғыш Президент күніне орай дәстүрлі «Қазақ дастарханы» фестивалі өтті. Бiрегейлiк пен бірлікті, этносаралық келiсiмдi қамтамасыз етуді көздеген шараға өңірдегі зиялы қауым өкілдері мен «Аналар кеңесінің» құрамы, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық құрылымдарының жетекшілері мен өңірдегі этномәдени бірлестіктердің белсенді мүшелері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Барша этностарды қоғамдық бастамаларға ұйыстыру арқылы қазақ халқының маңайына топтастыру  мақсатында ұйымдастырылған шарада Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің  міндетін атқарушы Мадина  Камеденова облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың құттықтауын жеткізді. Ол «Қазақ дастарханы» фестивалінің маңызына тоқталды.

«Дәстүрлі «Қазақ дастарханы» фестивалі - өңірдегі этностар арасында татулық пен достықтың айғағы. Біздің міндетіміз - қазақтың ұлттық тағамдарын қайта жандандырып қана қоймай, қазақ мәдениеті мен әртүрлі этномәдени орталықтар құру, оларды бір бастамамен біріктіру», - деді Мадина  Камеденова.

Шара барысында әртүрлі этнос өкілдері қазақ ұлттық тағамдарын дайындауға атсалысты. Олар ет асып, дастархан дайындап, қонақтарды ұлттық дәстүрмен күтіп алды. Осылайша  «Қазақ дастарханы» дегенді қалай түсінетінін, сайысқа қатысушы этнос өкілдері өз деңгейінде көрсете білді. Іс-шараға қатысқан өңір тұрғындары этномәдени бірлестіктер жанындағы өнер ұжымдары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалап, ұлттық тағамдардан дәм татты.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге облыстық иран этномәдени бірлестігі лайықты деп танылды. Бірінші орынды Сайрам аудандық филиалы иеленсе, екінші  орын түрік және тәжік этномәдени бірлестіктеріне бұйырды. Үшінші орынды Төлеби аудандық филиалы, өзбек және славиян этномәдени бірлестіктеріне берілді. Сайыс жеңімпаздарына алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.