15 жел, 2022 сағат 19:06

Түркістан облысында елдің әлеуметтік жағдайын көтеру бағытындағы жұмыстар қатаң бақылауда


Түркістан облысы әкімдігінде мәжіліс өтті. Жиында Мемлекет басшысының 2022 жылғы 12 желтоқсанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар сөз болды. Межелер айқындалып, жоспарлар бекітілді. Дархан Сатыбалды өңірді дамыту бағытында барлық салада жұмысты күшейтуді тапсырды.

«Қазіргі таңда ең өзекті мәселе – жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту. Облыстың республикалық бюджетке тәуелділігін төмендету, кіріс көздерін арттыру. Ауыл шаруашылығы, инвестиция салаларында жұмыстарды жүйелеу керек. Әрбір басқарма басшысы, аудан, қала әкімдері осы бойынша жұмыс жүргізулері тиіс», – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қ.Қайыпбектің, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Н.Мырзахметовтың, Инвестиция және экспорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қ.Шонбасовтың баяндамалары тыңдалды.

Облыста 2022-2026 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 1,9 трлн. теңгеге 9596 жаңа жұмыс орынын құрайтын 71 инвестициялық жобаның тізбесі қайта өзектендірілді. Биылғы жылдың соңына дейін жалпы құны 29,9 млрд. теңгеге 1197 жұмыс орнын құрумен 25 инвестцииялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі уақытта жалпы құны 26,6 млрд. теңгеге 1116 жұмыс орнын ашумен 21 инвестициялық жоба іске қосылды. Түркістан облысының инвестициялық ахуалын жақсарту бойынша 2023 жылға арналған 48 шарадан тұратын кешенді жоспар әзірленген.

Ауыл шаруашылығын дамыту бойынша да тың жобалар қолға алынады. Жылдық 2,5% мөлшерлемемен қолжетімді несиелендіру шарттары ауыл тұрғындарының табысын арттырып, әл-ауқатын көтеруге жаңа серпін береді. Жоба шеңберінде алғашқы кезеңге

17 ауылдық округтен 3,3 мың қосалқы шаруашылық қатысады,

3725 жаңа жұмыс орындары құрылады. Отбасылық сүт фермалары мен бордақылау алаңдарын құру, құс еті бағытындағы фермаларды құру, балық шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу саласын дамытуға басымдық беріледі. 8 ірі инвестициялық жоба жүзеге асып, 500-ден астам тұрғын жұмыспен қамтылады.

Осы және өзге де мәселелер талқыланған жиында Кентаудағы №5 ЖЭО жөндеу, жылу сапасын арттыру мәселесі де айтылды.

Облыс әкімі басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру бағытындағы жобаларды ширатып, шынайы жанашырлықпен жұмыс істеуді тапсырды.