02 ақп, 2023 сағат 12:33

Түркістан облысында екі қала мен үш ауданды су басты - видео

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Толассыз жауған жаңбыр мен қардың еруінен Түркістан облысының екі қаласы мен бірнеше ауданын су басты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, 2 ақпанда таңертең толассыз жауған жауын-шашын және таулы аймақтардағы қардың еруінен су деңгейі көтерілген. Соның салдарынан Кентау мен Түркістан қалаларында, Бәйдібек, Ордабасы, Сауран аудандарында аулалар мен көшелерді су басқан. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.


Қазіргі таңда төтенше жағдай бөлімі қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен үйлерді су басуына жол бермеу мақсатында жаңбыр суын сору және ағызу, сондай-ақ арықтарды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жұмысқа Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінен 56 қызметкер, 10 бірлік техника және 20 мотопомпа жұмылдырылған.

Сонымен қатар, көшелерді, үйлердің аулаларын су басу фактісіне байланысты ТЖД жедел желісі іске қосылып, тұрғындар тарапынан хабарламалар түскен жағдайда шұғыл іс-шаралар атқарылып жатыр.

Видео: Tengrinews.kz