Түркістан облысының жұртшылығы талантты көзі тірісінде құрметтеудің жарқын үлгісін көрсетті. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты және халықаралық ПЕН клуб, Платиналы "Тарлан" сыйлықтарының лауреаты, белгілі қоғам қайраткері, драматург-жазушы Дулат Исабековтың туған жері Ордабасы ауданы Ақжол ауылында жазушының кітапханасы ашылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "Оңстүстік Қазақстан" басылымына сілтеме жасап.
Қаламгер туған жерінен ашылып отырған кітапханаға Алматыдан, жеке кітап қорынан 2500 дана кітап алып келіпті.
- Біраз шығармаларымды бастап қойып едім. Соны жалғастыратын жайлы орын осы жер болғалы тұр. Шығармашылық үйіме айналады. Ауылға жылына кем дегенде екі рет келуге тырысатынмын. Бала-шағамды ертіп туған жерді жиі таныстырып жүрміз ғой. Дегенмен, мына кітапхананың, шығырмашылық үйдің жөні бөлек. Түркістан облысының басшылығына үлкен алғысымды айтамын. Көптен бері ойда жүрген, біраз жыл бұрын қолға алынған жоба еді. Игілікті іс сәтімен бітіп, бүгін міне ашылып отыр, - дейді қуанышты сәтте өз әсерімен бөліскен Дулат Исабеков.
Арнайы Астана, Алматы төрінен келген бір топ ақын-жазушы, Түркістан облысының зиялы қауымы қаламгердің осынау қуанышына ортақтасып, салтанатты іс-шараның сәнін келтірді.
Руханияттың бастауында тұратын кітапхана үйінің ашылуында Түркістан облысы әкімі Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын оқып, облыс басшысы атынан сый-сияпат ұсынды.
- Дулат ағамыз - бақытты жазушы. Пьесалары былтыр Лондонда, Лордттар палатасында қойылғаны өз алдына, өз елінде қаншама ұрпақ легін өз шығармаларымен тәрбиелей алған қаламгер. Дулат Исабековтың «Қарашаңырақ», «Бекет», «Ащы бала» әңгімелерін оқып өскен біздер үшін классик жазушының құрметіне осындай кітапхананың ашылу салтанатында болу зор қуаныш. Бұл кітапхананың Қараспанда ашылуының өзі заңдылық. Себебі қаламгердің шығармаларындағы кейіпкерлердің бәрі де осы ауылдың тұрғындары. Өз ауылдастары. Бұл кітапханадан төңіректегі ауыл тұрғындары рухани азық алып қана қоймай, жазушының өмірімен, шығармашылығымен етене жақын таныса түседі деп ойлаймын, - деді облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков.
Расында да қаламгердің шығармаларымен қатар, марапаттары, түрлі кездесулер мен салтанатты шаралардан сыр шерткен суреттері қойылған кітапхана үйі рухани орталыққа айналары сөзсіз. Мұнда кез келген оқырманға жазушымен сырласып, әдебиетпен танысып, кітаппен дос болуға бар мүмкіндік жасалған.
Салтанатты шарада сөз алған белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеев «Игі істердің бәрі де Оңтүстік өңірінен басталатынына тағы бір көз жеткізіп отырмын. Жазушысын құрметтеу деген осындай-ақ болсын. Рухани жаңғыру деген - осы. Ұлттың ұстыны бола білген азаматтарды өлген соң «арысымыз еді, батырымыз еді...» деп жатамыз. Құрметті осылай көзіне көрсетіп, өзі барда батасын алып жасаған дұрыс» деді.
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт «мені әдебиет әлеміне әкелген Дулат Исабеков» десе, филолог ғалым, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек қаламгерді құрметтеп туған ауылынан осындай кітапхана ашып беріп отырған облыс әкіміне, нысанның құрылысын жүргізуге септігін тигізген Арыс және Ордабасы аудандарының әкімдеріне алғысын айтты.
Кітапхананың ашылу салтанатында белгілі ақындар Қасымхан Бегманұлы, Қазыбек Иса өлең оқыды. Жиылған көпшілік осылайша әдеби кешке татыған жиынның куәсі болды. Жаңадан ашылып отырған кітапхананың рухани орталыққа айнала бастағаны да осы емес пе?!