07 шіл, 2020 сағат 09:02

Түркістан облысында дәрілік препараттар екі есе қымбат бағаға сатылған

Түркістан облысында дәрі-дәрмектер мен медициналық құрылғылдарды заңсыз сатудың 5 фактісі анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Түркістан қаласының аумағында жүргізілген жедел іс-шаралары кезінде полиция қызметкерлері дәріханалардың бірінің фармацевтін Цеф ІІІ антибиотигін үлкен көлемде сатып жатқан жерінен ұстаған. Ол 336 қораптың әрқайсысын (бір қорапта 1 флакон – ред.) 1500 теңгеден, жалпы 405 мың теңгеге саудалаған. Ал, дәріханалардағы бір қораптың құны – 1300 теңге. 

Одан әрі, әлеуметтік желілерді бақылау барысында криминалдық полиция қызметкерлері Сарыағаш тұрғынының медициналық маскаларды заңсыз саудаланғанын анықтады. Тұрғынның көлігін тексеру кезінде тағы 4950 дана медициналық маска тәркіленді. 

Сол күні Арыс ауданында полиция қызметкерлері Аскорбин қышқылы Арыс қаласындағы дәріханалардың бірінде 700 теңгеден сатылғанын анықтаған. Аталған препараттың бөлшек саудадағы бағасы - 300 теңге.

«Барлық анықталған фактілер бойынша тексеру жүргізіліп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнайы шаралар қабылданатын болады. Өз кезегінде, Түркістан облысының полициясы дәрі-дәрмектердің қымбат бағамен, әрі заңсыз сатылуына куә болған азаматтарды полицияның 102 телефонына хабарласуға шақырады», - делінген хабарламада.