фото:ia-centr.ru
Түркістан облысында полиция дәрігерге шабуылдаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сайрам ауданының Ақсукент кентіндегі жеке клиникада пациенттердің бірі ультрадыбыстық кабинетте кезекте тұрғанда жанжал шығарып, рентгенолог-дәрігерге пышақ жарақатын салған.
"Жәбірленуші ауруханаға жатқызылды.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы дереу шықты. ҚР ҚК 106-бабының 2-бөлігі "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция ауданның 27 жастағы күдікті тұрғынын ұстады. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды" - делінген хабарламада.
Болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.