25 қар, 2018 сағат 14:47

Түркістан облысында боранда жолда қалған жолаушылар құтқарылды

Түркістан облысында боранда жолда тұрып қалған техникалар мен жолаушылар құтқарылды. Облыстық ТЖД Өрт сөндіру қызметінің күшімен Жамбыл облысы Амангелді ауылының жанында тас жол бойында тұрып қалған 3 техника шығарылып, 11 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ТЖД мәліметінше, кеше  Жамбыл облысында ауа райының бұзылуына байланысты кешкі  сағат 19:20-дан бастап «Алматы-Ташкент-Термез» республикалық маңызы бар автокөлік жолының 593-632 шақырымында (Түлкібас ауданы Жаскешу ауылынан Жамбыл облысының шекарасына дейін) барлық автокөлік түрлеріне жол қозғалысы жабылған болатын.

Ал, бүгін түнгі сағат 01.50-де  аталған учаскеде барлық автокөлік түрлеріне жол қозғалысы ашылды. Дегенмен жол бойында кезекшілік еткен төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері шектеу кезінде Түлкібас ауданының Жамбыл облысымен шекарасында 40 техника, 135 адам жол бойында тұрғандарын байқаған. Алайда бұл жолаушылар көмекке мұқтаж еместігін, тек  жолдың ашылуын күтіп жатқанын айтқан.

Соған қарамастан республикалық маңызы бар автокөлік жолында 4 жылыту бекеті - Түлкібас ауданы Шақпақ ауылында - 2, Т.Рысқұлов ауылында - 2 алдын ала дайындалған. Бұдан бөлек авариалық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарға Түркістан облысы ТЖ департаментінің, жергілікті атқарушы органдарының, жергілікті полиция қызметінің және Қазавтожолдан жалпы 29 адам, 13 техника жұмылдырылған.