Түркістан облысында биыл 97 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 6 мың отбасы қоныс тойын тойлайды. Яғни, барлық қаржыландыру көздерінен 855 мың шаршы метр тұрғын үй (5935) пәтер пайдалануға беріледі. Бұл шамамен 100-ден астам футбол алаңының көлеміне тең. «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында құрылысы жүріп жатқан 5, 7,9 және 12 қабатты үйлердің сапасы қатаң бақылауда. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жыл басынан бері елімізде 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй тапсырылған. Ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысына тиесілі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында айтылды.
Жыл басынан бері жалпы алаңы 365,8 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Межеленген жоспар 61,6 мың шаршы метрге артық орындалған. Және жоспар өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 122,2 % -ға орындалған.
Жалпы Түркістан облысындағы құрылыс жұмыстарының көлемі 7 айда 150 млрд. теңгеге жуықтады.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев әкімшілік-іскерлік орталығындағы жаңа қалада бой көтерген бірқатар көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысын қадағалап, мердігерлермен кездесті. Мұндағы пәтерлер несиелік негізде, кезекте тұрған отбасыларға беріледі. Салынып жатқан үйлердің құрылысымен танысқан облыс әкімі мердігер мекемелерге сапаға баса назар аударуды тапсырды. Тұрғын үйлердің инфрақұрылымы, электр, жылу жүйесі талапқа сай болуы керектігін айтқан өңір басшысы құрылыс сапасының қатаң сақталуын ескертті.
«Қаланған әрбір кірпіш үшін жауапы екендеріңізді естен шығармаңыздар. Үйлер талапқа сай, сапалы салынып, кестеге сәйкес тапсырылуы тиіс. Сын, ескертпелерді назарға алып, үйлердің айналасын абаттандыруға баса назар аудару қажет. Газонмен қатар, ағаштар егілуі және уақытымен бапталуға тиіс», – деді Өмірзақ Шөкеев.