Фото: jcomp/Freepik
Түркістан облысында балаларға зорлық жасады деген күдікке ілінген тұрғын ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Түркістан облысы полиция департаменті бастығына сілтеме жасап.
"Түркістан облысының полицейлері 33 жастағы ауыл тұрғыны тарапынан кәмелетке толмаған қыздарға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасау фактісі бойынша екі жергілікті тұрғынның арызына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Түркістан облысы ПД бастығы ретінде, менің тапсырмам бойынша арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. ҚР ҚК-нің 120-бабы 4-бөлігі "зорлау" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық мән-жайды анықтау үшін қажетті іс-шаралардың барлығы жүргізілуде" - деп жазды Мұрат Қабденов Facebook парақшасында.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қылмыс жасады деген күдікпен Отырар ауданының тұрғыны ұсталып, қамауға алынған.
"Ер адам өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Тиісті сараптамалардың барлығы тағайындалды.
Істің тергелуі - менің жеке бақылауымда.
Мұндай жайттар бойынша міндетті түрде жіті бақылау болады, сондықтан сабыр сақтап заң аясында тергеу нәтижесін күтулеріңізді сұраймын" - дейді ПД бастығы.
Айта кетері, бұған дейін заңгер Айман Омарова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Түркістан облысының тұрғындарынан келіп түскен шағым туралы айтты. Ондағы мәліметке қарағанда, "Түркістан облысының тұрғыны кәмелетке толмаған жеті қызды зорлаған". Бұл жөнінде қыздардың аналары шағым түсірген.
"Бізге Түркістан облысының тұрғындары "One-Stop-Service" жобасына жүгінді, әр түрлі отбасылардан шыққан кемінде 7 қыз 1993 жылы туған ер адам тарапынан жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Олардың барлығы бір тұрғын үйде және бір подъезде тұрған", - деп жазды Айман Омарова.
Омарова зорлық-зомбылық фактілері туралы балалар омбудсмені Динара Закиеваға да хабарласқанын жазған.