Түркістан облысында бір жарым жасар бала тереңдігі төрт метр болатын дәретханаға құлап кеткен. Өңірдің құтқарушылары сәбиді дер кезінде құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Қазығұрт елдімекеніндегі үйлердің бірінде болған. Дәретханаға түсіп кеткен баланы өздігінен шығара алмаған тұрғындар «112» қызметіне хабарласып, құтқарушыларды көмекке шақыртқан.
«Авариялық-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы ТЖД 5 құтқарушысы мен медициналық жедел жәрдем қызметінің 3 қызметкері, полиция департаментінің 2 қызметкері келген. Құтқарушылар сағат 15:03-те шұңқырға құлап кеткен баланы құтқару арқанының көмегімен шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды. Бала дәрігердің тексеруінен кейін үйіне жіберілді. Қазіргі уақытта баланың жағдайы тұрақты» делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Кентау қаласында жол астындағы құбырға түсіп кеткен 2 жастағы бала құтқарылған болатын. Құтқарушылар 15 метрдей жерде кептеліп қалған баланы аман алып шыққан еді.