14 қар, 2019 сағат 08:09

Түркістан облысында әйел түрмедегі күйеуіне мәнтінің арасына салып телефон кіргізбек болған

Түркістан облысындағы жаза өтеу мекемесінде әйелі күйеуіне мәнтінің арасына салып телефон кіргізбек болғаны анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне сілтеме жасап.

Комитеттің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Түркістан облысы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қауіпсіздік деңгейі барынша күшейтілген мекемесінің қызметкерлері кеше электронды байланыс құралдарын алып кіру әрекетінің жолын кесті.

«Күйеуін көруге келген әйел ұялы байланыс телефоны мен жады көлемі 4 гб флеш-картаны ыстық тамақтың – мәнтінің ішіне салып кіргізбек болған», - дейді ведомство өкілдері.

Әйелдің айтуынша, белгісіз біреулер тура осы түрмеде отырған адамға ыстық тамақ ала баруын сұраған. Енді осы әрекеті үшін ол әкімшілік жауапқа тартылып, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін.

Осы дерек ҚАЖ мекемесінің Есепке алу және ақпарат кітабына тіркелді, материалдар процестік шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.