10 қар, 2021 сағат 00:17

Түркістан облысында 27 жастағы ұлынан айырылған ана жанайқайын жеткізді


Түркістан облысында арыстай ұлы кісі қолынан ажал құшқан отбасы, әділдік іздейді. Сайрам ауданы Ақбастау ауылының тұрғындары оның өліміне кінәлілердің түгел жазалануын талап етіп отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ сайты Астана арнасына сілтеме жасап.

27 жастағы Еламан жақында келін әкелем деп үйін қуантып та қойыпты. Бірақ ол күнге жете алмай кеткен. Марқұм 2 қараша күні "жалақы алдым, моншаға түсіп, шаш қидырып келеміз" деп сыныптастарымен кеткен. Содан оралмаған.

Ол қарашаның екісінен үшіне қараған түні болған төбелестен кейін ауруханаға түсіп, екі күн жатып, есін жимастан көз жұмған.

Өзегі өртенген анасының айтуынша, тепкіден бас сүйегі қақ айрылып, миы езілген. Білуінше, ерегіс болмашы сөзден шыққан.

"Баға туралы сәл келіспей қалғанда. Сосын бұлардың кіреміз деп тұрған орнына басқа біреуді кіргізіп жіберген, соған ашуланған да балалар. Онда да өздері балағаттап бастаған, сосын бұлар да сәл ерегіскен. Ерегістен бұларды сыртқа алып шығып, қақпаны жауып қойып ұрады ғой", - дейді марқұмның анасы Шолпан Маликова.

Туыстарының білуінше, төрт жігітке әуелі алты адам жабылған. Олар күзет қызметіндегілер дейді жақындары. Кейіннен саны 15-тен асыпты. Таяқ жеген куәгерлер сырттан жігіттер келгенін айтқан.

Ал марқұм Еламанды сол жерден кездейсоқ өтіп бара жатқан медицина қызметкерлері ауруханаға жеткізген екен.

Бұл іске қатысты жауап берген полицияның мәліметінше, қазір бір күдікті анықталып, ол "үйқамаққа" алынған.

"2021 жылы Сайрам ауданы ауылдарының бірінде орналасқан демалыс комплексіне орын алған жайтқа байланысты, Сайрам АПБ-де ҚР ҚК-нің 106-бабы "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бойынша тіркеуге алынған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сайрам аудандық сотының қаулысымен күдікті "үйқамаққа" алынған. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады", - дейді Түркістан облыстық полиция департаментінен.

Дегенмен, қара жамылған отбасы төбелеске қатысқандардың барлығын қамауға алуды талап етіп отыр. Олар тіпті, күдіктінің "үйқамаққа" алынғанын түсінбей дал.

"Адам өлімі болып жатыр. (...). Қай жерде көрдің адам өлтірген адамды үй қамаққа алғанын?! Мен ойлайм бір үлкен дөкейлер араласып жатыр деп.. Енді шынымды айтсам ақшамен жауып тастап жатқан сияқты", - дейді марқұмның анасы Шолпан Маликова.

А. Төребекқызы