Түркістан облысында Тәуелсіздік күні қарсаңында бірқатар әлеуметтік нысандар ашылып, тұрғын үйлер тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев алдымен, Ордабасы ауданына ат басын бұрып, Шұбарсу ауылындағы «Medical center Shubarsu» медицина орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Құрылысы 2016 жылы басталған нысанда жалпы саны 115 станционарлық төсек орын бар. Медицина орталығында терапия, педиатрия, хирургия және жарақат бөлімі, физотерапия және оңалту бөлімі, күндізгі бөлім, стационар, зертхана және диагностика бөлімі, жедел жәрдем стансасы қызмет көрсетеді. АҚШ, Оңтүстік Корея, Мажарстан, Жапония, Германия және өзге де бірқатар шетелдік және отандық заманауи медициналық құралдармен жабдықталған нысанда 145 адам жұмыспен қамтылған.
Мұнан соң, облыс басшылығы бастаған топ аудан орталығы - Темірландағы «Жастар сарайының» ашылуына қатысты. Бүгінде 20 шақты жас маманды жұмыспен қамтыған ғимаратта болашақта аудан жастары түрлі үйірмелерге қатысып, бос уақытын тиімді пайдаланатын болады.
«Тәуелсіздіктің торқалы тойында Ордабасыда халыққа өте қажетті екі нысан ел игілігіне беріліп отыр. Оның бірі - жаңа өзіміз куә болған медициналық орталық болса, екіншісі жастар үшін бой көтеріп, жұмысын бастаған осынау еңселі ғимарат. Баршаңызға белгілі, келер 2019 жылды Елбасымыз «Жастар жылы» деп жариялады. Яғни, келешегі кемел жастарымызға мемлекет тарапынан барлық жағдайды жасау жолында бүгінгі орталықтың тигізер пайдасы мол деп білемін», - деді Жансейіт Түймебаев.
Облыс әкімі Ордабасыға сапарынан кейін Кентау қаласында жаңа пәтерлерге ие болған жергілікті тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Бұл күні ондағы Ескі Иқан ауылдық округінде екіқабатты 10 пәтерлі қызметтік тұрғын үй тапсырылды. Сондай-ақ Шаға ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылында да 10 пәтерлі екі тұрғын үйдің кілттері берілді. Осылайша Кентауда жалпы саны 30 пәтер өз иелеріне табысталды. Баспаналы болған халықпен кездесуде облыс әкімі мейрам қарсаңында мұндай баспаналардың тағы 300-ден астамы тұрғындарға табысталғанын жеткізді.