05 қыр, 2019 сағат 13:16

Түркістан облысында алаяқ мұнай компаниясына жұмысқа тұрғызамын деп 10 адамды алдаған

Түркістан облысында алаяқтық жасаған деген күдікпен қызылордалық тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алаяқ Сарыағаш ауданының тұрғындарын Атырауға жұмысқа тұрғызамын деп алдап соққаны анықталды.

Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктіні ұстауға Сарыағаш ауданы тұрғындарының арызы негіз болған. Олар «Атырау облысындағы компаниялардың біріне жұмысқа орналастыруға уәде беріп, ақша алып кеткен алаяқтың құрбаны болғаны жөнінде шағымданған. Сарыағаш аудандың полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктіні қолға түсірді. Ол Қызылорда облысының тұрғыны болып шықты. Тергеу барысында сезіктінің осындай 10 алаяқтық оқиғаға қатысы бары анықталды.

«Күдікті жәбірленушілердің сеніміне кіріп, жұмыс сұраған адамдардың әрқайсысынан 150-180 мың теңге аралығындағы ақша алып отырған. Артынша ізін суытқан. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы сомасы екі миллион теңгеге жуықтайды. Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша »Алаяқтық« бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде» делінген хабарламада.

Дәл осындай оқиға Сайрам ауданында қайталанды. Онда күдікті әлеуметтік көмек алуға көмектесемін деген жалған уәдемен жәбірленушілердің 100 мың теңгесін жымқырып кеткен. Тәртіп сақшылары жергілікті тұрғынды қолға түсірді, қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.