Түркістан қаласында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Жиында атаулы әлеуметтік көмек көрсетудегі соңғы мәліметтер мен бұл тұста орын алған олқылықтар талқыланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәжіліс отырысында Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева баяндама жасады.
«Соңғы мәліметтерге сәйкес, облыс халқының саны - 2 011 628 адам (344 мың отбасы), оның ішінде 86,6 мың көпбалалы отбасы бар. Атаулы әлеуметтік көмек көрсету барысында белгіленген нысаналы индикатордың бірі – күнкөріс деңгейінен төмен тұратын халықтың үлесі 16,5% болып белгіленген. Биыл облыс бойынша АӘК көрсету мақсатында жалпы 70,8 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде республикалық бюджеттің үлесі - 65,7 млрд теңге. Атаулы әлеуметтік көмек 100 мыңнан астам отбасындағы 632,8 мың адамға тағайындалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп» делінген хабарламада.
Бұл мәселе төңірегінде орын алған олқылықтарға қайта есептеудің уақытылы жүргізілмеуі, құжаттардың дер кезінде өңделмеуі, бюджет қаржысының дұрыс жоспарланбауы (Ордабасы, Кентау, Түркістан) және алдын ала бір жылдық АӘК төленуі (Кентау қаласы) себеп болған.
«Осыған байланысты аудан, қала әкімдері жыл соңына дейін қаржының мақсатты және заң шеңберінде төленуін жете бақылауға алып, қайта есептеп, бөлінген қаражатты мақсатты игеріп, АӘК алушыларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту қажет. Атаулы әлеуметтік көмек көрсету мәселесі – халық арасында ұдайы талқыланып, сынға іліккен мәселе болды», - деді облыс басшысы.
Аймақ басшысының тапсырмасын осы жолы орындаудан тайқығандар кресломен біржолата қоштасатын болады. Өмірзақ Естайұлы осыны қатаң ескертті.
«Бұл - өте маңызды мәселе. Жүйесі жоқ жұмыстан шикілік шығады. Оған жол берген жауаптылардың кінәсін нақты фактімен дәлелдеп, жазалаймыз. Қазір тың идеясы мен ақылы бар мамандарды аңдыған заман. Заманауи технологияның тілін игерген, идеялы тұлғаларды жұмысқа тартыңдар», - деді аймақ басшысы жиналыс барысында.
Басқарма басшылығы әлеуметтік шиеленістердің болуына жол берген, тиісті жұмыспен қамту жұмыстарын жүргізбеген жұмыспен қамту орталықтарының басшыларының жұмыстан босатылуын, тиісті жауапты мамандардың орындаушылық тәртібін қарауды ұсынды. Ауыл әкімдерінің, жұмыспен қамту орталықтары мен бөлім мамандарының біліктілігін анықтау мақсатында желтоқсан-қаңтар айларында тестілеу жұмысы жүргізілмек.