09 қаң, 2020 сағат 09:32

Түркістан облысында 80 бас мал ұрлаған күдікті Нұр-Сұлтан қаласында ұсталды

Түркістан облысы Бәйдібек АПБ-не жергілікті тұрғыннан мал ұрлығына қатысты хабарлама келіп түседі. Арызданушының мәлімдеуі бойынша, қорасынан белгісіз біреулер оның 82 бас ұсақ малын қолды еткен, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.

Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы құны 3 жарым миллион теңгеге жуық. Болған жайтты полицейлер тез арада ҚР ҚК 188-бабы «ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіліміне тіркейді.

Аталған мал ұрлығы қылмысын жедел ашу мақсатында Түркістан облысы Полиция департаментінің Бәйдібек АПБ қызметкерлерінен жедел-іздестіру тобы құрылады. Білікті полицейлер жақын маңның барлығын аралап, мал тасымалдайтын автокөліктерді тексеріп, куәгерлерден сұрақ-жауаптар алып, аймақты тінтіп шығады. Соның нәтижесінде мал ұрлығына қатысы бар күдікті тұлға мен оның көлікке мал тиегені анықталады. Алайда ұрлық қылмысына қатысты тұлға тұрғылықты мекенжайында болмай шығады. Күдікті бірнеше айдан соң Нұр-Сұлтан қаласында қыдырып жүрген жерінен ұсталды.

Қазіргі таңда ол қамауда. Ұсталған азамат Бәйдібек ауданының жергілікті тұрғыны. Бұрын соңды бірнеше рет мал ұрлығы бойынша сотты болған. Тергеу барысы көрсеткендей, күдікті ұрлаған малдарының барлығын сатып, ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген.

Тергеп-тексеру амалдары әлі де жалғасуда. Іс аяқталған соң, құжаттардың барлығы толығымен сотқа жолданатын болады.