сурет ашық дереккөзден алынды
Түркістан облысында 4 жасар қыз Арыс өзеніне құлап кетті. Жоғалған қызды іздеуге облыс полицейлері жұмылдырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ІІМ Telegram-арнасына сілтеме жасап.
"17 наурыз Түлкібас аудандық Полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғындардың бірі арызданып, 4 жасар қызы Арыс өзеніне құлап кеткенін хабарлады.
Тексеру кезінде, сол күні кешкі уақытта кәмелет жасына толмаған үш кішкентай қыз Еңбек ауылының маңында ағып жатқан Арыс өзеніне барғаны анықталды. Алдын ала болжам бойынша, қыздардың бірі өзеннен өтпекші болып, абайсызда жағадан суға құлаған. Ал судың ағыны оны алып кеткен.
Қызды іздеуге Түлкібас аудандық полиция бөлімінің толық жеке құрамы мен аудандық прокуратура, ТЖМ-нің қызметкерлері, 30 ерікті жұмылдырылды" - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта қызды іздеу жұмыстары жан-жақты жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.