22 там, 2023 сағат 15:05

Түркістан облысында 11 адам суға батып кетті

Фото: ҚР ТЖМ 

Сырдарияда суға кеткен 11 адамның тоғызының денесі табылды. Құтқарушылар екі кәмелетке толмаған баланы іздестіріп жатыр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

"21 тамыз сағат 17:40-та Түркістан облысы Отырар ауданына қарасты Көксарай ауылынан 3 км жерде, Сырдария өзенінің шомылуға рұқсат етілмеген жерінде 11 адам суға батып кетті.

Қазіргі уақытта ТЖД күшімен суға батқан 11 адамның 9-ның, оның ішінде 3 әйелдің және 6 кәмелетке толмаған баланың денесі табылып, судан шығарылды, сондай-ақ 2 кәмелетке толмаған баланы іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Анықталғандай, демалыста 20 адамнан тұратын 4 отбасы болған.

ТЖД-да жедел штаб құрылды, жедел желі жұмыс істейді (8725 33 5-78-81). Түркістан облысы ТЖД басшылығы оқиға орнында жағдайды бақылауда ұстап отыр" - делінген хабарламада.


Ведомство мәліметінше, іздеу жұмыстарына барлығы 150 адам, 18 бірлік техника, 2 дрон және 6 жүзу құралы, оның ішінде ТЖД Жедел құтқару жасағынан 13 құтқарушы, 3 жүзу құралы және 3 техника, Шымкент қ. ТЖД Жедел құтқару жасағынан 6 құтқарушы, 1 жүзу құралы және 1 техника, Түркістан облысы ТЖД 50 адам, 2 дрон, 5 техника, ЖАО-дан 4 адам, 1 жүзу құралы, Полиция департаментінен 71 адам, 1 жүзу құралы және 7 техника, "103" қызметінен 6 адам және 2 бірлік техника жұмылдырылған.

Оқиғаның мән-жайын Түркістан облысының Полиция департаменті анықтап жатыр.

Ал Түркістан облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрғындардан адамдардың суға батқаны туралы хабарлама кеше кешкі сағат 18-дер шамасында келіп түскен. Шомылуға келген 20 адамның 11-і суға батып кеткен. Оның 5-еуі балалар болса, 6-ы - ересектер.

"Мәселе облыс басшысы Дархан Амангелдіұлының тікелей бақылауында. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлыпхар Жолдасов пен облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев аталған жерде болып, нұсқаулықтар жүргізді. Қайғы жамылған әулеттің үйіне барып, көңіл айтты. Тиісті көмектер ұйымдастырылатын болады.

Құтқарушылар мен еріктілер тұрғындарға жаз бойы бұл жерге суға түсуге болмайтындығы жайлы жан-жақты ескертулер жүргізген. Анықталғандай, мұндай түсіндіру жұмыстарына дәл осы әулет те қатысқан. Алайда рұқсат етілмеген орында шомылудың зардабы мен сақтық шараларын ескермеудің салдары осындай жағдайға ұласып отыр.

Қаза тапқандардың отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз.

Өздеріңіз бен отбасы мүшелерін қорғауға және тыйым салынған жерде шомылмауды түсіндіруге шақырамыз" - делінген әкімдік хабарламасында.