25 шіл, 2022 сағат 17:14

Түркістан облысында 1 млн га жайылымдық жер мемлекетке қайтарылады


Жыл басынан Түркістан облысындағы елді мекен тұрғындары 325,5 мың гектар жайылымдық жермен қамтылды. Жалпы өңірде 1 млн гектар жерді қайтару міндеті қойылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің айтуынша, 2022 жылы елді мекендердегі ортақ жайылым көлемін 1012,0 мың гектарға ұлғайту жоспары әзірленіп, елді мекендерді ортақ жайылыммен қамтамасыз ету бойынша әр айға жоспар кестесі бекітілген. 

Бүгінгі күні бұл жұмыстар екі бағытта жүзеге асырылуда. Бірінші бағыт бойынша мақсатына сай пайдаланылмаған 405,2 мың гектар жайылымдық жерді мемлекет меншігіне қайтару көзделсе, екінші бағыт бойынша ірі жер пайдаланушылармен меморандум арқылы 606,8 мың гектар жерді қайтару жоспарланған. Ал бүгінде 58,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, меморандум арқылы 267 мың гектар жайылым елге берілді.

Сонымен қатар 2021 жылы құрылған жұмысшы топ тарапынан аудан, қала әкімдіктері бойынша жайылым жер учаскелеріне зерделеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 476,2 мың гектар жер мақсатына сай пайдаланылмағаны анықталып, хабарлама берілген. 

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жайылым жерді елге қайтару жұмысы жалғасатынын жеткізді.

«Жайылым қорын молайту – өте маңызды әрі жауапты мәселе. Аудан әкімдері жауапты басқармалармен бірлесіп жұмысты жалғастыруы тиіс. Біздің меже – бір миллион гектар жайылымды қайтару. Қазірдің өзінде 30 пайызы қайтарылып үлгерді. Меморандум арқылы жақсы жұмыс атқарылып жатыр. Жердің иелері жайылымға мұқтаж жандар өздерінің ауылдастары екенін түсінуі тиіс. Игерілмей жатқан жерді ешкім бос қалдырып қоя салмайды. Әр ай сайын осы мәселе аппарат отырысында күн тәртібіне енгізіліп тұрсын. Жайылым мәселесі тікелей қадағалауда болады», – деді Өмірзақ Шөкеев.