31 там, 2022 сағат 12:39

Түркістан облысына жаңа әкім тағайындалды


Дархан Сатыбалды Түркістан облысының әкімі болып тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорда сайтына сілтеме жасап.

"Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды Түркістан облысының әкімі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымынан босатылсын", - делінген хабарламада.

Дархан Сатыбалды 1974 жылы Сарыағаш ауданында туған.

С.Сейфуллин атындағы Ақмола ауыл шаруашылығы институтын, Қазақ гуманитарлық-заң университетін бітірген. Мамандығы – экономист-менеджер, заңгер.

Ол Парламент Сенатының депутаты болған. 2010-2011 жылдары ҚР ҰҚК департаментінің бастығы қызметін атқарды. 2011-2013 жылдары - премьер-министр кеңсесінің әлеуметтік-экономикалық бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2013 жылдан бастап екі жыл Шымкент қаласының әкімі, сонымен қатар 2015-2017 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болған.

Дархан Сатыбалды 2019 жылы наурызда Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі болып тағайындалған еді.