Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Үкімет отырысында Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кешенді жоспар инвестициялық жобаларды іске асыруды, көлік және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы, туризмді дамытуды, сондай-ақ қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді көздейтін 142 іс-шарадан тұрады. Жоспарды іске асыруға жалпы 3,6 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 530,6 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 348,5 млрд теңге, жеке инвестициялардан – 2,7 трлн теңге қажет», - деді Әсет Ерғалиев.
Министрдің айтуынша, бұл қаражаттың бір бөлігіне 26 өнеркәсіптік іс-шара жоспарланған. Оның ішінде мұнай өңдеу зауытын, химия кешенін және тұрмыстық техниканы өндіру зауытын салу, сондай-ақ «ТURKISTAN» арнайы экономикалық аймақ аумағын 973 гектарға ұлғайту жобалары бар.