Түркістан облысы Ордабасы ауданының әкімі сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мұндай факті бар, яғни күдік бойынша аталған шенеунікті ұстадық. Осы жағдайға байланысты басқа мәліметтерді жариялай алмаймыз. Сотқа дейінгі тергеуге қатысты барлық ақпаратты тек прокурордың рұқсатымен мәлімдейміз. Осы орайда тергеу мүддесіне сәйкес, жариялауға құқығымыз жоқ», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық бюросы тергеу департаменті басшысының орынбасары Асхат Жұмағали.
Сонымен қатар ол аталған фактіге қатысты жақында арнайы брифинг өтетінін жеткізді.
Айта кетейік, Рашид Үсіпханұлы Қайыпжанов Ордабасы ауданы әкімі қызметіне өткен жылдың тамыз айында кіріскен еді.
Оған дейін, яғни 2011 жылдың қаңтар айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары лауазымында болған.