08 жел, 2018 сағат 16:03

«Түркістан – қауіпсіз қала» жобасы қолға алынды

Түркістан облыс прокуратурасы «Түркістан - қауіпсіз қала» жобасын енгізу және іске асыру жөнінде мекемеаралық мәжіліс ұйымдастырды.

Аталған іс-шараға облыс әкімі мен құқық қорғау, жергілікті атқару және уәкілетті мемлекеттік органдарының басшылары қатысты. Жоба Елбасының қазан айындағы құқық қорғау органдарының қызметін қайта құру және қауіпсіз ортаны қалыптастыру жөніндегі Жолдауы негізінде Түркістан облысы прокуратурасының бастамасымен әзірленгенін атап өткен жөн.

«Түркістан - қауіпсіз қала» жобасы 3 негізгі бағытты қамтиды. Бірінші бағыт қылмыстылықты төмендету, ал екінші бағыт қауіпсіздікті қамтамасыз ету және үшіншісі қоғамдық саяси ахуалға әсер ететін мәселелерді шешу. Талқылау нәтижесімен жоба мүдделі органдар тарапынан қолдау тауып, қала әкімімен бекітілді. Хаттама шешімімен құқық қорғау, жергілікті атқару және уәкілетті мемлекеттік органдарына жоспарланған іс-шараларды мерзімінде және сапалы іске асыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Ал бұл бағдарламаның жүзеге асырылуы ұлтаралық қақтығыстардың туындау себептерін талдау, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіп, экстремизм мен терроризм қауіпі бар сайттарды анықтау, мемлекеттік қызметкерлердің біліктілік талаптарын арттыру, төтенше жағдайлар саласында талдау жүргізу, адамдар көп шоғырланатын жерлерде төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша профилактикалық шараларды жүргізуде маңыздылығын көрсетіп отыр.