Түркістан облысындағы білім беру мекемелерінде
Тәуелсіздік күні мерекесі атап өтіліп жатыр. Аталған іс-шаралар Мемлекет
басшысының 2021 жылғы 5 қаңтардағы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы
аясында ұйымдастырылуда. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен
брифингте Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының Тәрбие және
қосымша білім беру бөлімінің басшысы Жандос Маханбетов мәлімдеді.
Оның айтуынша, облыстағы білім беру мекемелерінде
Тәуелсіздік күні мерекесіне орай мектептерде – 3932, колледждерде – 208,
балабақшаларда – 2718 іс-шара өткізу жоспарланған.
«Азаттығымызды ұлықтайтын айшықты мерекемізде білім беру
мекемелерінде мүмкіндігінше мемлекеттік туды айшықты орындарда көптеп
пайдалануға мән беріледі. Сонымен қатар, тәуелсіздікке жол салған қоғам
қайраткерлерін, Желтоқсан оқиғасы мен оның құрбандарын мәңгі есте қалдыру
мақсатында мәдени, қоғамдық маңызды шаралар, кездесулер ұйымдастырылып жатыр.
Сонымен қатар, облыстағы оқушыларды «Жас Ұлан», «Жас Қыран» ұйымдарына қабылдау
рәсімдері, «Тәуелсіздік биік болсын тұғырың» атты оқушылар мен студенттер
арасындағы патриоттық әндер байқауы және «Тәуелсіздік бәрінен қымбат»
тақырыбында оқушылар мен студенттер арасындағы дебаттық турнирлер өткізілмек»,
- деді Жандос Маханбетов.
Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде оқушылар мен студенттер
арасында «Мен өз елімді мақтан тұтамын!» және «Менің отаным – менің отбасым»
тақырыптарында шығарма жазу, бейнероликтер түсіру және оны жариялау жұмыстары
ұйымдастырылуда. Бұдан бөлек, игі бастама ретінде білім беру мекемелерінің
аулаларында еңбек ардагерлерінің, ата-аналардың және оқушылар мен студенттердің
қатысуымен ағаш көшеттерін отырғызу шаралары ерікті түрде өткізіледі.