Көпұлтты Қазақстанның негізгі байлығын сүттей ұйыған жүзден астам ұлт өкілдері құрайды. Соның ішінде славян халықтарымен өзара үндестігіміз бен достығымыздың тарихы тереңде. Сондықтан да ғасырлар бойғы жарасымды тірлік пен тұтастықтың жарқын көрінісін паш ететін «Славян жазбалары мен мәдениеті» күндерін атап өту елімізде дәстүрлі шараға айналған. Күнтізбеде белгіленбеген татулық мерекесі бүгін Астана қаласында аталып өтті.
Ауқымды шара аясында «Түркі-славян байланысындағы тіл және әдебиет: қазіргі заман көзқарасы» атты халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылды. Конференцияға Қазақстан Республикасындағы славян және түркі мемлекеттері елшіліктерінің өкілдері, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктер мен этноағартушылық мектептердің қызметкерлері қатысты. Басқосу барысында Қазақстан этномәдени кеңістігіндегі славян тілдерінің алуан қырлы қызметі мен оларды сақтап қалу мәселелері сөз болды. Орыс және өзге де славян тілдерін оқыту бағытында жинақталған тәжірибелер таразыланып, славян және түркі тілдеріндегі ұқсастықтар мен ерекшеліктер екшеленді.
Түркі және славян халықтары арасындағы рухани және мәдени саладағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға бағытталған алқалы жиында славянтану, түркітану, тілдік қатынас, аударматану, әдебиеттану саласының ғалымдары баяндама жасады.
Таисия Мармонтова, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РМК этникалық қатынастар саласында талдау және мониторинг қызметінің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты:
- Екі мемлекеттің көршілік сыйластығы екі ел арасындағы бейбітшілікті ғана көрсетіп қоймайды, сонымен қатар барша түркі және славян халықтары достығының әлемдік іргетасы болып саналады. Ресей және Қазақстан Еуразия одағының бірыңғай даму полюсі десе де болады. Олардың бірлескен іс-қимылынсыз Еуразия кеңістігінде бейбітшілік пен келісімге қол жеткізу әсте мүмкін емес. Бұл екі ел, Ресей мен Қазақстан, бірі-бірінсіз өмір сүре алмайтын егіздер секілді дер едім.
Түркілер мен славяндар бірлесіп үлкен дамыған біртұтас кеңістік құрды. Сол кеңістікте тарихы, мәдениеті, рухани жақын адамдар тұрады. Славян және түркі әлемі бүгінде 500 млн. адамды құрайды. Бұл дегеніміз әлемдік құрылықтың бестен бір бөлшегі. Ендеше үлкен күш емес пе?. Құрамында Ресей, Белорусь, Қазақстан, Қырғызстан мемлекеттері бар Еуразиялық одақ шын мәнінде славян және түркі әлемі ғой. Бүгінгі Славян жазбалары мен мәдениеті күні мерекесінде өтіп жатқан конференция екі халықтың арасындағы ұлы достықтың сипаты деп есептеймін.
Арғынғазинов Айбол, Ресей (Кеңес) жоғары оқу орындары түлектерінің Қазақстандық қауымдастығының Президенті:
- Әр жылдың мамыр айы біздер үшін қадірлі мереке - Түркі жазуы күні мен Славян жазуы мен мәдениетінің күндері аталып өтеді. Түркі тектес мемлекет ретінде тарихымызды ұлағаттап, болашаққа бағдар құрған ғасырға жуық мерзімде кирилл жазуын қолданып келе жатқан біздің мемлекетіміз үшін бүгінгі күннің маңызы ерекше. Бұл мереке халықтарды жақындастырып, ортақ құндылықтарға біріктіріп, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын жүзеге асыруға баршамызды жұмылдыратыны анық. Орыс тілі елімізде ұлтаралық қатынас тілі ретінде қоданылып келе жатқандығы екі континентті бір-біріне жақындастырды. Ендігі кезекте қазақстандық жас ұрпақтың басты міндеті ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту болмақ.
Шара М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында мерекелік концертпен жалғасты.