02 қыр, 2022 сағат 16:12

Туристік қызмет саласының мультипликативті эффектісі


Дүниежүзілік туристік ұйымның (ДСҰ) мәліметтері бойынша, қазіргі таңда туризм әлемдік экономиканың жоғары табысты және серпінді салаларының бірі болып табылады. Табыстылығы бойынша ол мұнай өндіру мен өңдеуден кейін екінші орында. Туризм үлесіне әлемдік жалпы ұлттық өнімнің шамамен 6%-ы, әлемдік инвестициялардың 7%-ы, әрбір 16-жұмыс орны, әлемдік тұтыну шығыстарының 11%-ы және барлық салық түсімдерінің 5%-ы тиесілі. Осыған байланысты көптеген елдерде туризм саласы мемлекеттің қолдауымен белсенді дамуда.

Туризмді дамыту мемлекетаралық байланыстар мен мәдениетті күшейтуге, шетел валютасы ағынын ұлғайтуға, төлем теңгерімінің өсуіне, тауарлар мен қызметтер экспортын ынталандыруға, халықтың жұмыспен қамтылуын арттыруға, инфрақұрылымдық нысандарды салу мен қайта жаңартуға, сондай-ақ экономика салаларын әртараптандыруды жеделдетуге ықпал етеді. Осының нәтижесінде, елімізде 200 мың жаңа жұмыс орны құрылады, олардың ішінде 72 мың тұрақты жұмыс орны, ал барлық мүдделі тараптар – мемлекеттер, бизнес пен қызметкерлер үшін туристік қызметтен түскен таза пайда жылына 200 млрд теңгеге дейін артады (қазіргі уақытта кірістілік шамамен 118 млрд теңгені құрайды).

Туризм саласының ел экономикасы мен әлеуметтік дамуына алып келетін пайдасы өте жоғары екенін зерттеулер мен тәжірибелер көрсетіп отыр. 

Туристің барлық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін базалық (көлік, орналасу, тамақтану, туристік нысандарға кіру және т.б.) арнайы қажеттілікті қанағаттандыруға бағытталған саяхат мақсатының ерекшелігінен шығатын және қосымша қызметтердің кең спектрі қалыптастырады. Туристің қажеттіліктерін, олардың барлық алуан түрлілігімен қанағаттандыру экономикалық қатынастардың көбеюінің негізі ретінде үлкен маңызға ие жаңа қызмет түрлерінің пайда болуына себепші.

Сонымен, туристік қызмет саласындағы мультипликативті әсерінің қандай екенін қарапайым түсіндіруден бастауға болады. Туризмнің мультипликативті әсері туризмнің экономикалық пайдасы көбейген кезде пайда болады. Яғни, туристік индустриясының және туризмнің нәтижесінде өсіп келе жатқан салалардың өсуіне байланысты. Бұл туристік индустриясымен тікелей немесе жанама байланысты адамдарға үлкен пайда алып келуі мүмкін.

Туристік индустрияны дамытуда Қазақстанның келешегі мол және тартымды өлкесінің бірі Түркістан облысы болып табылады. Мұнда туристтерді қызықтыратын көптеген нәрселер бар – баға жетпес тарихи-мәдени ескерткіштер, керемет ландшафтар, әр-түрлі климаттық аймақ, туристік қызметтердің сан алуан түрі. Облыста туристік саланың дамуы соңғы 3 жылда өте қарқынды. Өңірдің туризм саласындағы өзгерістер, туристік қызмет саласының мультипликативтік эффектісінің оң нәтижелер көрсеткенін байқауға болады. Әлеуметтік бағытта Түркістан облысының туризм саласында қызмет көрсететін жұмысшылардың саны 8,3%-ға артып отыр (Туризм саласында қызмет көрсететін жұмысшылар саны : 2019 жыл - 16 682, 2020 жыл – 14282, 2021 жыл – 18059). Яғни, туристік қызмет саласында және бағынысты салаларда қызмет көрсететін мамандардың санының жылдан жылға артып отырғанын көрсетеді.

Бұл ретте, өңірдің туристік саласының дамуы және туристік инфрақұрылымдарды дамытуда облысқа тартылған инвестицияның көрсеткіштері мен туристерге қызмет көрсететін орналастыру орындары, тамақтандыру орындарының санының артқанын байқауға болады.

Түркістан облысында орналастыру орындарымен 2019 жылы 174 404 турист, 2020 жылы 103 747 турист, ал 2021 жылы 206 398 туристке қызмет көрсетіліп үш жылда 18,3%-ға өсіп отыр. Түркістан қаласы мен облысқа келушілердің саны 2019 жылы 1,63 млн.адам, 2020 жылы – 0,48 млн.адам (дүниежүзілік пандемияға байланысты 9 ай туристік нысандар қызметін тоқтатты), 2021 жылы – 1,83 млн. адамға өсіп, 2019 жылдан 2021 жыл аралығында 11,8% өсімге қол жеткізілді.

Облыста туристік қызмет көрсету саласында түскен табыстар 2 есеге артып, туристік индустрияның эффектісі оң нәтижеге қол жеткізіп отыр. Атап айтқанда,  2019 жылы 1,84 млрд.теңге, 2020 жылы – 1,29 млрд.теңге, 2021 жылы 3,85 млрд. теңгені құрады.

Облыста туристік салада қызмет көрсететін кәсіпорындардың қызығушылығы артып, 2019 жылдан 2021 жылға дейін (2019 жылы – 164, 2020 жылы – 175, 2021 жылы -204) 40 жаңа қонақ үйлер іске қосылып туристерге қызмет көрсетіп келеді. Ал, нөмірлік қорлар мен төсек-орындардың саны 650 бірлікке артып отыр.

Түркістан облысында туризм саласы бойынша негізгі капиталға тартылған инвестициялардың көлемі өсіп, республика бойынша алдыңғы қатарда келеді. Мысалы, 2019 жылы 7,97 млрд. теңге, 2020 жылы 132 млрд.теңге, 2021 жылы 102 млрд.теңгені құрады.  Ең ауқымды инвестициялық жобалар 2020-2021 жылдары жүзеге асырылып,  облыста «Karavansaray Turkistan» көпфункционалды туристік кешені, Rixos Turkistan, Silk Way Boutique Hotel, Hampton by Hilton, Ramada by Wyndham, Emir Plaza, Rich Hotel, Grand Villa, Golden Ray Turkistan Hotel, Ethno Park Resort және т.б. жаңа туристік нысандар пайдалануға берілді.

Бұдан бөлек, Түркістан қаласында «Hazret Sultan» халықаралық әуежайы салынды. Сонымен қатар, жоғары туристік ұсыныстың негізгі факторларының бірі туризм саласында жоғары білікті кадрлық персоналмен қамтамасыз етудің маңыздылығын ескере, Түркістан қаласында Халықаралық туризм және меймандостық университеті құрылды. Бұл өз кезегінде өңірде білікті кадрларды шоғырландыруға ықпал ететіні сөзсіз.

Туристік қызмет көрсетудің нәтижесінде қол жеткізген оң мультипликативті эффектісі Түркістан облысының туристік әлеуетінің жоғары екенін байқауға болады. Әсіресе туризм кластерінің басым бағыты көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған.  Облыстың орталығы Түркістан қаласы тарихи туризмнің алтын ұясы, қала қонақтары мен тұрғындарына қажетті ойын-сауық орталығы, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театрлар, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, споттық демалыс нысандар, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынып туристерге сапалы түрде қызмет көрсетіп келеді. Нәтижесінде, туристік қызмет көрсету саласы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықаралық деңгейде өңірдің оң имиджін қалыптастыруына қарқынды түрде септігін тигізетін сала екенін атап өтуге болады.