09 қаз, 2019 сағат 14:43

Туристер «Ұйғыр» ауданын емес, Шарын шатқалын көруге келеді

Жуырда алматылық жиырма журналист отандық туризмді насихаттау мақсатында Алматы облысында орналасқан Шарын шатқалына саяхаттады. 

Шарын шатқалы Алматы облысының оңтүстік-шығысында орналасқан, Ұйғыр ауданының аумағында жатыр. Бұл аудан - өзге ұлт атауы берілген Қазақстандағы жалғыз аудан. Сондықтан болар, ауданның атын өзгерту ұсынысы біраз уақыттан бері көтеріліп келеді. Екі-үш жылда бір рет Президентке, Үкіметке ашық хат жазылып, баспасөз беттерінде мақалалар  жарияланады.

Басқа мәселені былай қойғанда, осы ауданға Шарын ауданы атауы берілсе, отандық туризмді дамытуға үлкен септігін тигізер еді. Өйткені жоғарыда айтқан жиырма журналист шатқал ішінде көптеген шетелдік туристпен жүздесіп, пікір алмасқан-тын.

Үндістаннан келген Бил Дэвид есімді турист жалғыз саяхаттағанды ұнатады. Шарын шатқалына бірінші рет келген ол өз әсерін былай бөлісті:

«Қазақстанның Шарын шатқалына бірінші рет келіп ұрмын. Өте әдемі жер. Барлық туристі қызықтыратын мекен деп таныдым. Насихаты мықты болса, туристер осылай қарай ағылатынына сенімдімін. Мен осыдан кейін Бурабайға аттануды жоспарлап отырмын» деді ол.

Шарын ұлттық паркі - қазақстандықтардың ғана емес, шетелдіктердің де қызығушылығын тудырып отырған туристік аймақ. Сапар барысында журналистер шатқал ішімен жүріп, «Қамалдар аңғары», «Жалмауыз кемпір шатқалы» сияқты жерлермен танысып өтті. Кейбір шатқалдың биіктігі 150-300 метрге дейін барса, ұзындығы 20-80 метрге дейін жетеді. Дәл осы Шарын шатқалын көруге өткен жылы 15000 турист келсе, биыл тоғыз айда 18807 адам арнайы журналға тіркеліпті. Шатқалдың биылғы жаңалығы – бұдан былай қысқы маусым ашық болмақ. Бұған дейін тек көктем, жаз, күз мезгілдерінде қонақ қабылдаған Шарын енді жылдың төрт мезгілінде де туристер мен қонақтарды қабылдауға сақадай сай.

Шарын шатқалына кез келген адам (турист) кіру үшін 750 теңге төлейді. Жейтін азығын өзімен ала келсе де немесе шатқал ішінде орналасқан демалыс орнынан тамақтанса да болады. Бір адамның түсткі асы орташа есеппен 2500-3000 теңгеге шығады. Ал 8-10 адам болып топпен келіп, түнеуге қалғыңыз келсе, онда бір киіз үйді 45 000 теңгеге жалға ала аласыз. Аймақта 10 шақты күзет қызметі жүреді. Олар қонақтардың қауіпсіздігі үшін ғана емес, аймақты таныстыру үшін (гид) де қызмет ұсына алады. Күзет қызметіндегі азаматтардың айтуынша, мұнда Қытай, Франция, Германия, АҚШ, Польша туристері жиі келеді.

Біз Шарынның ішімен жүріп, А нүктесінен В нүктесіне жаяу бардық, қашықтығы 3 шақырым. Қайтарда сондағы көп адамға «такси» қызметін ұсынатын көліктерге міндік. Оның құны бір адамға 1000 теңге.

Шатқалдың төменгі жағында қытайлық туристерді де кезіктірдік. Қытайлық саяхатшылар Қазақстан туралы, Шарын шатқалы туралы біздің мақтанышымыз Димаш Құдайберген арқылы естіп-білгенін, енді өз көздерімен көріп, тануға келгендерін айтты. Біздің Димаш Қытайдағы «I am singer» жобасында танылғанда күллі әлем оны «Қазақстанды танытты» деп бағалап еді. Естеріңізде болса, былтыр Димаш Құдайбергенге «Қазақстан Республикасының туризм жөніндегі елшісі» мәртебесі де берілген болатын. Осының бәрін сәтті пайдаланып, Димаш арқылы шетелдіктерді елге, әсіресе Шарын ұлттық паркіне тарту үшін шатқал орналасқан ауданның атауын Шарын ауданы деп атасақ, туризмге «терезе» ашылар еді. Біз көрген қытайлық туристер осындай ой салып кетті.

Бұл ойымызды құптайтын ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы Ұйғыр ауданының атын Шарын ауданы деп өзгерту туралы ұсынысын бірнеше жылдан бері жазып келеді. Ал ҚазҰУ-дың PhD докторы Халық Балықбайтегі «Ұйғыр ауданы деген атауды тездетіп өзгертіп, тарихи атауы Шарынды өзіне қайтарсақ» атты мақаласында Ұйғыр ауданындағы тарихи деректердің бұрмаланып жатқандығын мәселе етіп көтерген-ді.

«Бүгінде Шонжы ауданындағы тарихи жер-су, мектеп көше аттарын дыбыстық өзгеріске ұшырап, ұйғыр тіліне ауыстырылып, әуелгі этникалық мағынасын жоғалтуда. Мысалы: қазақ ауылы Ақтам, Тирмен, Кеңес, Дардамты, Арғы долайты, Тас қарасу, Кетпен, Диқан, Жұлдыз, Кеспебұлақ сынды елді мекендері бұл күнде Ақтама, Тігірмен, Кеңеш, Дардамтуі, Дұлайты, Ташқара су, Кетмен, Дыхан, Юлтыз, Бүдеті, Бахар, Шырын деп ақырындап өзгеріп бара жатыр. Жер-су атауларына қатысты ұйғырлар жалған тарихи аңыз жасап, халық арасына таратуда. Мысалы Назгүм үңгірі аңызы еш тарихи шындыққа жанаспайды, онда Қазақ жеріндегі Ақсу атауын Қытайдағы Ақсуға апарып телиді. Шонжы өңіріндегі мектеп көше аттары дерлік ұйғырлардың атына берілген. Мәселен; Изім Иіскендір, Іля бақтя, Әбдулла, Розы Бақиев, Ахметжан Қасыми, Құдыс Қожамяров, Розр Бакиев, ал бұлардың Қазақ еліне сіңірген еңбегі бар екені рас, ал мына Лотпола Мүтәліп, Зяад Самади, Ғайни Батыр, Садық палуан – бұлар Қытай жеріндегі ұйғырлар. Қазақ топырағында еш ізі жоқ. Ежеден қоныстанған қазақтан бұл жердегі жер-су мен мектеп көшелерге атын беретіндей ұлы перзенттері шықпағаны ма? Бұлай істеуінің артында қандай ой жатқанын түсіну қиынға соқпайды. Біз ұйғыр ауданы деген атауды тездетіп өзгертіп, жеріміздің тарихи атауы «Шарынды» өзіне қайтарсақ» деп жазған еді ғалым Халық Балықбайтегі.

Расында, есіміз барда елімізді танып, қазіргі Ұйғыр ауданын атауын Шарын ауданы деп өзгертетін кез келген сияқты.

Ақбота Мұсабекқызы