Павлодар облысына Түрікменстаннан 11 отбасы көшіп келді. Олар облыстағы қала, аудандардың бірін таңдап, сол жерлерде қоныстанбақ, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Өңірге құрамында 46 адамы бар 11 отбасы көшіп келді. «Достық» үйінде өткен жиында әр аудан, қалалардың жұмыспен қамту орталықтарының басшылары келіп, қандастарға бос жұмыс орындары, қандай жағдай жасалатыны туралы мәлімет берді.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы «Отандастар қоры» Павлодар облыстық филиалының басшысы Болат Зауыт жыл басынан бері Ресей, Монғолия, Өзбекстан елдерінен 216 адам көшіп келгенін атап өтті.
"Биыл Павлодар облысына шет елдерден келетін қандастарға 800 адамға квота бөлінген. Ал, Түрікменстаннан биыл 427 қандас келеді деп күтілуде. Соның бір бөлігі, міне, келіп отыр. Бұл отбасылар Түрікменстаннан Қазақстанға визаны Павлодар облысына бару үшін алған. Сондықтан қазір тек осы облысқа қоныстанып, кем дегенде бес жыл тұруы тиіс. Олай болмаса, шара қолданылады. Оның бәрін ескертіп айттық", - деді Болат Зауыт.
Оның айтуынша, Қазақстанға қоныс аударған шет елдердегі қазақтар алдымен ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірін) алуы тиіс. Ол 1 күнде беріледі. Кейін «Қандас» мәртебесін алады. Ол 4 жұмыс күні ішінде беріледі. Содан кейін осы өңірге тұрақты тіркеуге тұрып, бір мезетте Қазақстан азаматтығына құжат тапсырады. Осы үрдістерден кейін квотаға құжат тапсырады.
Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова қандастарға квота бойынша қандай көмек көрсетілетінін айтты.
"Қоныс аударған отбасылардың әр мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде ақшалай көмек беріледі. Бұл 200 мың теңгеден асады. Сондай-ақ қоныстанған жерлеріне қарай 1 жыл бойы ай сайын баспана жалдауға субсидия алады. Егер қалалық жерде орналасса, 61 мыңнан 91 мың теңгеге дейін, ауылдық жерде 45 мыңнан 64 мың теңгеге дейін алады. Нақты сома отбасындағы адам санына байланысты. Сондай-ақ 1 жылдық соманы бір жолда алып, сол баспананы сатып алуға жұмсауға болады", - деді Альмира Дисюпова.
Басқарма басшысы облыста қандастарға арналған болжамды карта бар екенін айтты. Онда 111 елді мекен белгіленіп, 1 мыңнан астам бос жұмыс орны анықталған.
"Келген отбасылар қазір мамандықтары мен бос жұмыс орындарына қарай қай ауданға баратынын анықтайды. Яғни, тұратын жерді өздері таңдайды. Бізде әр ауданда квота бар. Қазіргі уақытта сәл ертерек көшіп келген отбасы Ақсу ауылдық аймағын таңдап, тұрақтанды. Отағасы газ-электр дәнекерлеуші екен. Сол мамандығы бойынша жұмыс жасауда", - деді Альмира Дисюпова.
Басқарма басшысының айтуынша, Түрікменстаннан көбіне техникалық маманы бар, соның ішінде газ-электр дәнекерлеушілер келіп жатыр. Ал, облысқа негізі денсаулық сақтау, білім саласының мамандары керек, дегенмен әзірге ондай мамандар келіп жатқан жоқ.
Өңірімізге қоныс аударғандардың бірі Мақсат Сүйесинов ауылдық жерлердің біріне барып, мал шаруашылығымен айналысуды жоспарлауда.
"Түрікменстанның Балқанабат өлкесінен келдік. Отбасымызда төрт адамбыз. Ұлым мен қызым бар. Қызым 8-сыныпта оқиды. Өз мамандығым – электрик. Жұбайым үй шаруасында. Мұнда Май ауданы мен Аққулы ауданының біріне барсам деп отырмын. Мал шаруашылымен айналысуға ниет бар. Ол жақта да мал ұстағанмын. Ата-анам осы Қазақстанда. Павлодар облысы жақсы екен. Қазақстан кең байтақ жер ғой. Қай жері болса да маған ыңғайлы", - деді Мақсат Сүйесинов.
Айта кетейік, Түрікменстандағы қандастар 2020 жылы Қазақстанға көшуге ниет білдірген. Онда 20 мыңға жуық қазақ тұрады. Алайда, пандемияға байланысты кейінге шегерілген. Көбі оңтүстік өңірлерді таңдаған. Қазіргі кезде елімізде қолданыстағы саясатқа байланысты қандастарды солтүстік өңірлерге бағындаттауда.