26 қаз, 2021 сағат 20:45

Түрікменстан Президенті Ашхабадта Абайға ескерткіш орнатуды ұсынды


Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстанға мемлекеттік сапары барысында осы елдің көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедов Ашхабадта қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлын ұлықтауға ұсыныс жасады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстанға мемлекеттік сапары барысында осы елдің көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедов Ашхабадта қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлын ұлықтауға ұсыныс жасады.

Түрікменстан Президентінің пікірінше, Абайдың мүсіні екі халықтың жоғары адамгершілікке негізделген рухани бағдарын, сондай-ақ елдеріміз арасындағы достық пен ынтымақтастықтың шынайы көрінісін айғақтайды», - деп жазды ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы толық қолдап, ризашылығын білдірген. 

«Абайдың қасиетті түрікмен жерінде ұлықталуы – барша қазақ халқы үшін ақжолтай жаңалық», – деді Қазақстан Президенті.

Еске салайық, 24-25 қазанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің шақыруы бойынша мемлекеттік сапармен Ашхабадқа барды. Шағын құрамдағы келіссөзден кейін, кеңейтілген форматта екіжақты келіссөздер өтті. Кейін қос мемлекеттің басшылары БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.