28 ақп, 2020 сағат 22:02

Түрік инвесторлары Алматы облысында газ-электр плита шығаратын зауыт салуға ниетті

Түркиялық «Femas Metal Sanayi ve Ticaret A.S.» компаниясы Қарасай ауданының аумағында газ және электр плиталарын шығаратын жаңа кәсіпорын ашуға ниетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Осыған байланысты Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Алматы қаласында түркиялық инвесторлармен кездесті.

Қонақтарды жылы қарсы алған Амандық Баталов жобаны таныстыру үшін алдымен «Femas Metal Sanayi ve Ticaret A.S.» компаниясының бас директоры Юсуп Үгенге сөз берді. Түркиялық өкіл өз компанияларының жұмысы туралы қысқаша баяндап өтті. Оның айтуынша, компанияға тиесілі өндірістік нысанының 6-уы Кайсер қаласында, біреуі Стамбулда орналасқан. Онда жалпы саны 1700-дей адам жұмыс істейді. Компания Қазақстанда да осындай өндіріс ашып, өнімдерін қазақстандықтарға кеңінен ұсынуды көздеп отыр. Сол сияқты тауарларын Қырғыз, Өзбекстан сияқты көрші елдерге экпорттауға да ниетті. 

Жобаға қатысты ауданда жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев айтып берді. Ж. Далабаевтың айтуынша, Жармұхамбет ауылынан 12 га жер учаскесі берілген. Бұл аумақта қазір зауыттың алғашқы кезеңін іске қосуға мүмкіндік беретін құрылыс нысаны бар. Алдағы уақытта оның іргесін одан əрі кеңейтуге де қолдау жасалады.

Өз кезегінде облыс əкімі А. Баталов облыс аумағында бірқатар түрік инвесторлары табысты жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етіп, сол қатарда бұл жобаға да қолдау көрсетуге əзір екендігін айтты.

«Бүгінгі күні елімізде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аса маңызды. Оған қоса облысқа газ тартылып, елді мекендерді газандыру қарқынды жүріп жатыр. Өңірді газдандыруды басталғанда көгілдір отынмен қамту небары 9, 10 % еді, биыл көрсеткішті 50%-ке жеткіземіз деп отырмыз. Газы бар əрбір үйге сіздер шығаратын газ плиталары қажет болады. Сондықтан Қазақстанда, соның ішінде Алматы облысында осындай кəсіпорын ашу туралы қабылдаған шешімдеріңіз дұрыс, біз әрқашан өз тарапымыздан қолдау білдіреміз. Бұл кәсіпорын елімізде маңызы зор қазақстандық мұзмұнды арттыруға елеулі ықпал етеді деп сенемін» - деді А. Баталов.

Жалпы, газ жəне электр плиталарын өндіретін зауыт салу жобасының құны 2 млрд. теңге деп жоспарланып отыр. Онда шамамен 500-дей жұмыс орны құрылмақ, оның 200-і тұрақты жұмыс орны болады. Зауыт биылғы жылдың күзінде іске қосылады деп межеленген. Өзара ынтымақтастықты одан əрі дамыту мақсатында Түркиядағы Қазақстан елшілігі бастама көтеріп, осы кездесуге мұрындық болған.

Атап өтсек, «Femas Metal» зауыты Түркиядағы газ жəне электрлі тұрмыстық техника шығаруда көшбасшылар қатарында. 40 жылдан астам тарихы бар компанияның өнімдері бүгінде 6 құрлықтың 130 елінде пайдаланылады.