2017 жылдың 2 маусымынан бастап Қазақстан Республикасының «Коллекторлық қызмет туралы» Заңы қолданысқа енді. Күшіне енген Заң несие алғандардың және банктерге қарызы бар адамдардың құқығын қорғауды көздейді. Заңға сәйкес, коллекторлық компаниялар клиенттерге қатысты мәліметтерді құпия ұстауға міндетті. Осы Заң және жалпы облыстағы қаржы нарығындағы ахуал туралы бүгін БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етілді. «Облыс тұрғындарының қаржы сауаттылығын арттыру» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатына ҚР Ұлттық Банкі БҚО облыстық филиалының директоры Қ.Құлбарақов қатысты.
Оның айтуынша, осы кезге дейін коллекторлық ұйымдардың құқықтық жағдайы белгілі бір заңнамада нақтыланбай келген болатын. Оларды, тіпті, арнайы мемлекеттік органдар да бақылай алмаған. Енді, қабылданған Заңда борышкерлерге психологиялық қысым қолданатын көлеңкелі коллекторлық агенттіктердің қызметі шектеліп, осы бағыттағы шиеленістер төмендейтіндігі айтылуда. Коллекторлар қызметі тәртіпке келіп, борышкерлердің құқықтары қорғалатын болады.
- Жаңа Заңда екі тараптың құқықтары мен міндеттері толық қарастырылған. Борышкермен алғаш рет байланысқа шыққан коллекторлық агенттік оның құқықтары туралы ақпарат беруге міндетті. Одан бөлек, коллекторлардың борышкерлерді қай уақытта мазалауға болатындығы да айқын көрсетілген. Сөйлесу уақыты да Заңнамада бекітілген,-деді Қ.Құлбарақов.
Бұдан әрі филиал директоры қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғау мен халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру туралы айтып берді.
Оның айтуынша, 2017 жылдың 11 айында банктік, сақтандыру қызметтерінің мәселелері және өзге де қаржы мәселелері бойынша Филиалға 188 өтініш түскен (оның ішінде 157 жеке тұлғалардың өтініші, 31 заңды тұлғалардың өтініші). 89 өтініш бойынша құжаттамалық тексерулер жүргізілді. Тексеріс қорытындысы бойынша 2 екінші деңгейлі банкке және 4 микроқаржылық ұйымға 6 шектеулі ықпал ету шарасы қолданылған. Екінші деңгейлі банктер филиалдарының өкілдері мен қаржылық қызметтерді тұтынушылардың 11 кездесуі ұйымдастырылды.
Филиалдың қоғамдық қабылдауында 289 азамат болып, оларға қаржы саласының түрлі мәселелері бойынша консультативтік көмек көрсетілді. Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында Филиал қызметкерлері 2017 жылдың қаңтар – қарашасында облыстың жоғары оқу орындарында және жалпы орта білім беретін мектептерде 17 лекция оқып, банк филиалдары, микроқаржылық ұйымдар, коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындар өкілдерінің басын қосқан 4 семинар өткізді.
Жыл ішінде Ұлттық банктің «НБК Online» мобильдік қосымшасы жөнінде ақпарат таратылып, нәтижесінде облыста сол қосымшаны қолданатындардың саны 650 адам құраған.