Сотталушылар тарапынан түрме басшылығына арыз-шағымдар 74 пайызға қысқарды. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сотталғандардың құқығын қорғау мәселесі ерекше бақылауда. Заңсыз заттарды анықтауға бағытталған тексеру тәртібі өзгерді. Енді бұндай тексерулер адам құқықтарын қорғау ұйымдарының, прокурорлардың қатысуымен және бейнекамераға түсіру арқылы жүзеге асырылады. Туыстарымен қарым-қатынаста болуы үшін бейнебайланыстар ұйымдастырылды. Бұл тәжірибе карантин кезінде өте тиімді болды», - деді ол.
Оның атап өтуінше, сотталғандар тікелей арыз беруі үшін 121 электронды терминал орнатылды. Нәтижесінде мекеме басшылығына қатысты жолданатын арыз-шағымдар 74 пайызға қысқарды. Қоғамдық ұйымдармен, адам құқықтары жөніндегі уәкілмен тығыз қарым-қатынас орнатылды.
«Осы жылы шілде айында Халықаралық Форум өткізілді. Халықаралық сарапшылар мен еліміздегі дипломатиялық миссия өкілдері жақсы баға берді. Жақында сотталғандардың құқығын қорғауға байланысты заңға түзетулер енгізу жоспарлануда. Онда ауыр науқастарға жаза мерзімін кейінге қалдыру; қатты ауруына байланысты босату туралы сот шешімін тез орындау; Сотталғанды басқа мекемеге ауыстырғанда прокурорларға хабарлама жіберу; сотталғандарды емдеу орталықтарын Денсаулық сақтау министрлігіне беру және басқа өзгерістер бар», - деді Ерлан Тұрғымбаев.
