Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматыда көлікпен үш адамды қаққан іске қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ауруханада үш адам жатыр. Оларды көлікпен екі адам қаққан. Яғни екі көлікте екі жүргізуші болған. Біреуі ұсталды. Көліктер оқиға орнына жақын маңда қалдырылған», - деді Ерлан Тұрғымбаев Үкімет отырысынан кейін тілшілерге берген жауабында.
Министр тергеу мүддесіне сай күдіктілердің есімін атай алмайтынын жеткізді.
«Бұл жерде бірнеше бап бойынша қарастырылады. Біріншіден, жіктелуі бойынша көлікті мас күйінде жүргізу бабымен қатар, бұзақылыққа қатысты бап зерттеле келе «кісі өлтіруге әрекет ету» бабына ауыстырылды», - деді Ерлан Тұрғымбаев.
Естеріңізге салайық, 26 тамызда таңғы сағат 5-те Алматы қаласының Гагарин көшесінде арада болған жанжалдан кейін бір тараптың өкілдері өз қарсыластарын автомобильмен қасақана қағып, қылмыс орнынан бой тасалаған. Видео әлеуметтік желіде тарады.
Зардап шеккендердің жағдайы туралы Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті.
«Алматы №7 қалалық клиникалық ауруханаға 2 адам түсті. Біріншісіне ашық бас сүйек-ми жарақаты, мидың жеңіл дәрежедегі жарақаты, бастың оң жақ сүйегінің сыну диагнозы қойылды. Жағдайы - орташа ауыр. Екінші науқасқа жабық бас жарақаты, мидың шайқалу диагнозы қойылды. Жағдайы орташа ауыр деп бағаланады. Үшіншісі Орталық қалалық ауруханаға жеткізілді. Оның сол аяғының тобығы, оң қол шынтағы жабық, сол қол шынтағына ашық сынған деген диагноз қойылып отыр. Жағдайы орташа ауыр», - деп хабарлады Денсаулық сақтау басқармасынан.