15 ақп, 2023 сағат 18:55

Тоқаев Назарбаевты ерекше мәртебесінен айырды


Елбасы туралы Конституциялық заңның күшi жойылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күшi жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды" - делінген хабарламада.

Конституциялық заңның мәтіні баспасөзде жарияланды.

Айта кетейік, бұған дейін 13 қаңтарда ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшi жойылды деп тану туралы» Конституциялық заң қабылданған болатын.

«Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады деген норманы көздейтін Конституцияның 46-бабы 4-тармағы алынып тасталды. Осыған орай, құқықтық негіздің жоқ екендігін ескере отырып, бұл заң жобасымен Конституциялық заңның күшін жою көзделеді», - деген еді Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов.

Еске салайық, былтыр Парламенттің қос палатасы да заңның күші жойылды деп тануға дауыс берген еді. 2022 жылдың маусымында Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар күшіне енді. Оны өткізілген референдум қорытындысы бойынша азаматтар қолдады.

Өзгерістер арасында Нұрсұлтан Назарбаев пен онымен бірге тұратын отбасы мүшелерін бірқатар артықшылық пен кепілдіктен айыру да болды. Енді олар бұл артықшылықтардан ресми түрде айырылды.