22 мам, 2022 сағат 19:09

"Тұлпар сыйлаған жоқ": Генерал Дүйсембаев жұмыстан қалай кеткенін айтып берді – видео


© Photo : "Ак Жайык"

Атқа мінгені үшін сынға ұшыраған генерал Аян Дүйсебаев Атырау облыстық полиция департаментінің басшысы қызметінен қалай кеткенін айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Әлеуметтік желіде көптеген сұрақ туындап жатқанын білемін. Мен де көп уақыт тыныш отырып, үндемей жүрдім. Бірақ қазір нақты қалай болғанын айту керек", - деді Дүйсембаев "Ашық әңгіме" жобасына берген сұхбатында.
Осы орайда генерал Атырау облысының Қызылқоға ауданында туып-өскенін еске салды. Ол жерден Салық Зиманов, Зейнолла Қабдолов сияқты академиктер шыққан.
"Ішкі істер министрлігінде істеп жүргенімде туған жеріме барып тұрдым. Сол кезде ақсақалдар дастарқан басында ылғи "Аянжан, біздің елімізден қандай мықты адамдар шықты, бізге жетпей тұрғаны – бір генерал" деп айтып отыратын. 2019 жылы 6 мамырда генерал атағы бұйырды. Ол кезде ораза ұстап жүр едім. Мен министрден ауызашарға дейін ауылыма барып келуге рұқсат сұрадым. Ұмытпасам, 11 мамырда Қызылқоға өңіріне бардым. Ауылдастармен кездестім, мешітте ауызашар бердім. Сол кезде ауылдастарым тұлпарға мініп түсуімді сұрады. Ол тұлпар маған сыйлыққа берілген жоқ", - деп атап өтті Дүйсембаев.
Оның айтуынша, ауылдастар тек ырымын жасауды сұраған.
"Екі ақсақал келіп, немерелерім сізге ұқсасын, тұлпарға мініп түсіңіз деп, алдыма тұлпар әкелді. Үстіме шапан жапты. Сол кезде ішкі істер министрлігінен тексеріс келді, нақты бір тәртіп бұзушылық анықтай алмады. Бірақ президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Twitter-де ішкі істер министрлігіне қатаң тексеріп жүргізіп, шара қабылдауды тапсырғанын жазды. Ал бас қолбасшымыз, президентіміз генералға қабағын шытып, бір ескерту жасайтын болса, ештеңені күтпей-ақ, жұмысты босату керек. Өзім баянат жазып, өз еркіммен жұмыстан босадым", - дейді генерал.
Содан кейін генерал жеті айдай жұмыссыз жүріпті. Ал желтоқсан айында Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімдеріне хат жазған.
"Маңғыстау облысының сол кездегі әкімі Серікбай Өтелгенұлы өзіне кеңесші болуға ұсыныс жасады. Сөйтіп, бір жыл үш айдай әкімнің кеңесшісі болдым", - дейді Дүйсембаев.

Биыл ақпан айында Аян Дүйсембаев Маңғыстау облыстық полиция департаментінің бастығы қызметіне тағайындалды.