Қарағанды облысында түлкіні жуан ағашпен ұрып өлтірген ер адамның кім екені анықталды. Енді ол айыппұл төлейтін болады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл туралы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Жедел іздестіру шаралары барысында түлкіні заңсыз жайратып салған адамның кім екені белгілі болды. Ол Қарағанды облысы Шет ауданындағы Ортау ауылының күзетші болып жұмыс істейтін тұрғыны болып шықты. Аталған азамат ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 382-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қарағанды облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы құқық бұзушыны 18 375 теңге төлеуге міндеттейді», - деп жазады Сәкен Ділдахмет.
Еске сала кетсек, кеше Қарағанды облысында тышқан аңдып тұрған түлкіні дубинкамен ұрып өлтірген жігіттің видеосы әлеуметтік желіде тараған болатын.