Түркістан облысының Түлкібас ауданының атауы өзгеруі мүмкін.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 20 қарашадағы № 782 қаулысына сәйкес, Түркістан облысының Түлкібас ауданын Түркібасы деп қайта атау туралы Жарлық жобасы Елбасы қарауына енгізілген.
Айта кетсек, тиісті Қаулы Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған.
Еске сала кетсек, облыстық мәслихаттың кезекті ХІ сессиясында республикалық ономастика комиссиясының қарауына Түлкібас ауданының атауын қайта атау жөніндегі ұсынысы енгізілген болатын.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев өз ойын айтып, ұсынысты қолдайтынын жеткізген-ді. "Соңғы жылдары бұл мәселе бірнеше рет көтерілді. Кеңес заманында ауданның тарихи аты бұрмаланғаны тарихшы ғалымдарға да белгілі. Сондықтан Түлкібасы атауын Түркібасы деп өзгерту туралы ұсынысты бірауыздан қолдаймын. Аталған мәселе облыстық әкімдік пен облыстық мәслихат тиісті шешім шығарып, облыстық ономастикалық комиссияда қаралды. Соңғы шешімді республикалық ономастикалық комиссия қабылдайтын болады", - деді өңір басшысы.
Ал, оңтүстік өңірінің бір топ зиялы қауымы: "Түлкiбас атауын Түркiбасыға өзгерту бүгiнгi ұрпақтың тарихи парызына айналып отыр. Рухани жаңғыруға орайластыра аудан атын жаңғыртып, Түркiбасы төбесiне ме, Арыс пен Құлан өзенiнiң қосылған тұсына ма, Сүзеген (Сулуқ) қағанға ерекше ескерткiш қойылса дер едiк. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында халықтың тарихи жады хақында, байтағымыздың қасиеттi, киелi жерлерi жөнiнде жан-жақты айтылған, өлкетануға өзгеше мән-мәнiс беру турасында тебiренiстi толғаныстар тұнып тұр. Түркiбасы атын қайта қалпына келтiру Мемлекет басшысы мақаласындағы мақсат-мiндеттер талаптарына һәм сай келедi деп санаймыз" деп, үндеу тастаған болатын.