«Туған жерім – Қазақстаным». Осындай атаумен «Қоғамдық келісім» үйінде өзге ұлт өкілдері арасында поэзия байқауы өтті. «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен байқауда 14-29 жас аралығындағы түрлі этнос өкілдері туған жер жайлы шығармаларды жатқа оқыды.
Жастардың арасында қазақ халқының тілі мен мәдениетін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға 20-дан астам өтініш келіп түскен. Әр талапкер сайыс шарты бойынша өлең шумақтарын мәнерлеп оқудан өзара тартысқа түсті. Байқау барысында орыс, неміс, украин ұлтының өкілдері өлең оқудағы шеберліктерін көрсетті.
«Бұл жобаның негізгі өзегі Алматыда 22-ші қарашаға қарай өтетін болады. Байқаудың қосымшасы ретінде біз солтүстік өңірлерде әсіресе, өзге ұлт өкілдері басым аймақтарда өзге ұлт өкілдерінің арасынан қазақ поэзиясын оқу бойынша байқау ұйымдастырдық. Біз бұған дейін Қостанай қаласында шара өткіздік. Олардың қазақ тілін білуге, қазақ поэзиясын оқуға әсіресе, отаншылдық тақырыптағы өлеңдерді оқуға деген талпыныстары бәрімізді қуантады. Тек мықты жеңімпаздар ғана жеңіске жетсін деген тілектеміз», - дейді «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігі қоғамдық қорының президенті Арман Әубәкір.
«Байқау қатысушысы Карина Роот қазақ тілін жастайынан жетік меңгерген. Бүгінде ол мемлекеттік тілде жақсы сөйлейді. Туып-өскен жеріңнің тілін, мәдениетін білу – парызың деп санайды», - дейді Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марзият Юсуповна Тохаева.
Байқау қатысушысы Карина Роот: «Осы конкурс жайында естіген кезде бірден қатысамын деген шешімге келдім. Конкурс жайлы айтатын болсам, қатысушылардың барлығы жақсы деңгейде дайындалып келген. Қатысушыларға сәттілік, өзіме жеңіс тілеймін. Менің оқу орнымнан тағы да екі қыз қатысып жатыр. Екеуі де жақсы дайындалып келді. Өлеңдерінің мағыналары терең, жақсы. Менің ойымша, бүгін қатысып жатқан қатысушылардың ішінде барлығы қазақша біледі және қазақ тілінде еркін сөйлей алады», - дейді.
Айта кетейік, «Туған жер» республикалық жобасы аясында өткен поэзия байқауы Петропавл, Павлодар қалаларында жалғасын таппақ.