13 қыр, 2022 сағат 08:26

Туды өртеген мемлекеттік мекеме қызметкерлері түсінік берді


Ақтөбе облыстық Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті аула ішінде туды өртеген. Қызметкерлер әлеуметтік желіге тарап кеткен бейнематериалға қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы.

Желіде ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті облыстық Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің қызметкерлері аула ішінде ту өртеген видео тарады. Ол көпшіліктің ашуын туғызды.

"Ақтөбе Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті 12 қыркүйекте арнайы комиссия есептен шығарған туды жақты. Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою қағидаларының 2-тармағының 6-тармақшасына сәйкес ұзақ уақыт пайдалану салдарынан жарамсыз болған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туларын және оларды қайта қолдану мүмкіндігін болдырмау мақсатында өртелді", - деп хабарлады мемлекеттік мекеме басшысы Қаблан Қамбарбеков.