Фото: Pexels.com
Жасөспірімдер арасындағы кейінгі қайғылы жағдайларға байланысты TikTok әлеуметтік желісін бұғаттау немесе оған қолжетімділікті шектеу мәселесі тағы да көтеріліп жатыр. Қазіргі кезде бұл әлеуметтік желі елде үлкен танымалдыққа ие, 2024 жылы Қазақстанда 20,1 миллион халықтың 14 миллионы TikTok қолданушысы болып отыр. Осыған байланысты бірқатар қоғамдық тұлғалар бұл платформаны шектеуді немесе мүлдем бұғаттауды ұсынып жүр. Алайда бұл жастардың қауіпсіздігіне қаншалықты ықпал етеді, еркіндігін шектеу болып қалмай ма?
«ЖСН-мен кірсін»
TikTok желісін Қазақстанда толығымен бұғаттау мәселесін қоғам белсендісі Нұркен Халықберген бұрыннан көтеріп келеді. Оның айтуынша, басты мәселе тек контентте емес, қолданушыларға ықпал ету қаупінде. Халықбергеннің пікірі бойынша, Қытайда TikTok балаларға қатаң шектеулер қойып, білім беру мақсатында қолданылса, басқа елдерде, соның ішінде Қазақстанда, платформа көбіне зиянды контент таратады, оның ішінде порнография да бар. Сол себепті ол платформаны толығымен бұғаттауды немесе балаларға қол жеткізуге шектеу қоюды ұсынды. Бұл шараны ол Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) және сымсыз операторлар арқылы іске асыруды ұсынды.
Жақында сенатор Геннадий Шиповских те жастарымыздың назарын жаулаған бұл платформаға белгілі бір шектеулер қоюды қолдады. Ол TikTok-тағы кейбір контент балалардың мінез-құлқына теріс әсер етіп, оларды жалған идеалдарға жетелеп, тәуелділікке әкелуі мүмкін екенін айтады.
Оның айтуынша, балалар стримдерде жарыстар ұйымдастырылып, жеңілгендер камера алдында жасыл дәрі ішуге, лампаны аузына салуға немесе тіпті шешінуге мәжбүр болады. Бұл тапсырмалар өмірге қауіпті деңгейге дейін жетіп, орындамағандар буллингке ұшырайды. Сондықтан депутат көптеген әлем елдерінің тәжірибесіне сүйеніп, Қазақстан аумағында TikTok-қа қолжетімділікті шектеуді ұсынады.
Шектеуге тағы бір себеп ретінде ол киберқауіпсіздікті атады.
«АҚШ, Франция, басқа да елдер TikTok-тың пайдаланушылардың деректерін жинау әдістеріне күмәнданып, желіге шектеулер енгізді. Қазақстанда да киберқауіпсіздікке назар аудару өте маңызды, өйткені жеке және мемлекеттік мәліметтердің қорғалуы ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты. Мәліметтердің құпиялылығы да үлкен алаңдаушылық туғызады. Канада TikTok-ты деректердің қауіпсіздігіне байланысты шектеу шараларын енгізген. Бұл платформаның пайдаланушылар туралы мәліметтерді жинау және оларды сақтау тәсілдері күмәнді болуы мүмкін, ал бұл Қазақстан үшін де өзекті мәселе», - дейді ол.
Сондай-ақ, әлеуметтік желіні шектеу қоғамдық тұрақтылықты сақтау мақсатында да қажет болуы мүмкін екенін айтады. TikTok-та жалған ақпарат пен арандатушы мазмұндардың таралуы елдегі әлеуметтік тұрақтылыққа теріс әсер етуі ықтимал, дейді Шиповских.
«Тіркелу жасын 15-16-ға дейін көтеру керек»
Ал депутат Асхат Аймағамбетов болса, әлеуметтік желілерге тыйым салумен мәселені шеше алмаймыз дейді. Ол ата-аналар мен балаларға әлеуметтік желілерді қалай қолдану керегін үйрету керек деп есептейді.
«Әлеуметтік желілерге кіруді шектеу, соның ішінде жас бойынша шектеу маңызды. Ата-аналар балаларының әлеуметтік желілерде қанша уақыт өткізетінін бақылауы керек. Өкінішке қарай, мысалы, Apple-де тек 12 жастан бастап шектеу бар. Бірақ менің ойымша, жас шектеуі жоғары болуы керек – шамамен 15-16 жасқа дейін. Зерттеулер көрсеткендей, әлеуметтік желілерге қол жеткізу жасы әлдеқайда жоғары болуы керек. Ата-аналар балалардың интернетте не істеп жүргенін қадағалап, реттеуге тиіс. Алайда тек толық тыйым салу шешім бола алмайды", – дейді Аймағамбетов.
«TikTok болмаса, TokTik шығады»
Әлеуметтік желіні бұғаттауға ата-аналардың көзқарасы қандай? 10-сынып оқушысының ата-анасы Жұлдыз Әбділдәнің айтуынша, бірдеңені шектеген сайын, оған құмарлық арта түседі.
«Ит қорыған жерге өш» деген жақсы сөз бар ғой, шектеген сайын, оған деген құмарлық арта түседі деп ойлаймын. Ағыл-тегіл ақпарат заманында әлденені шектеуге әрекет ету бекер. Көремін деген адам кез келген жерден тауып көреді. Оның орнына балаларға медиа және ақпараттық сауатты үйретіп, киберқауіпсіздік ережесімен таныстыру қажет. 24/7 қолы бос ата-ананың өзі де баласын 100% қадағалай алмайды. Әрі үнемі телефонын тексеріп, не істеп не қойып жатқанын қарап отырса, бала мен ата-ананың ортасында сенім де болмайды. Балаға ненің жақсы, ненің жаман екенін айтатын, үйрететін, оның көзін ашатын бірінші кезекте оның әке-шешесі. Егер ата-ана бұл міндетті атқара алмай отырса, онда мың жерден Тиктокты бұғаттағанмен ештеңе өзгермейді. Бүгін Тикток болса, ертең Токтик болады. Шартты түрде айтқанда. Оның бәрімен қашан күресіп боламыз?», - дейді ата-ана.
TikTok не дейді?
Біз TikTok-тың құпиялылық пен қауіпсіздік саясатын зерттеп, жасөспірімдер үшін қандай шектеулер мен шаралар қолданылатынын анықтап көрдік.
TikTok платформасының жасөспірімдер қауіпсіздігі мен әл-ауқатына қатысты негізгі ережелерін бірнеше пунктке бөліп қарастырайық:
1. Жас бойынша шектеулер: TikTok-қа тіркелу үшін пайдаланушылардың жасы кемінде 13 болуы керек. Кейбір елдерде бұл шек жергілікті заңдарға байланысты жоғары болуы мүмкін.
2. Шектеулі контент: Жасөспірімдерге арнайы бейімделген контент ұсынылады. Олардың аккаунттары қатаң бақылауға алынады, ал белгілі бір жас мөлшерінен төмен болса, аккаунттар бұғатталады.
3. Зиянды және қауіпті контентке тыйым салу: TikTok жасөспірімдердің психологиялық және физикалық әл-ауқатына қауіп төндіретін, дамуына зиян келтіретін контентті таратуды болдырмауға тырысады. Бұл шектеулер өзін-өзі зақымдау, суицид және қауіпті челлендждер секілді мазмұнға қатысты қатаң ережелерді қамтиды.
4. Челлендждерге шектеулер: Қауіпті немесе физикалық зақым келтіруі мүмкін әрекеттерге шақыратын челлендждерді көрсетуге және жарнамалауға қатаң тыйым салынады. Мұндай контент ережелерге сай «Ұсыныстар» арнасына шығарылмайды.
5. Психологиялық және физикалық қауіпсіздікті сақтау: Егер аккаунт иесі жыныстық зорлық немесе балаларға қатысты қылмыстарға қатысы болса, TikTok бұл аккаунтты және оған қатысты барлық басқа аккаунттарды бұғаттап, тиісті құқық қорғау органдарына хабарлайды.
6. Киберқауіпсіздік және мәліметтердің құпиялылығы: TikTok платформасы пайдаланушылардың жеке мәліметтерін қорғауға бағытталған шаралар қабылдайды. Бұл ережелер әсіресе балалар мен жасөспірімдердің мәліметтерін сақтау әдістеріне ерекше назар аударады.
7. Жасөспірімдерге арналған уақыт шектеулері: TikTok-тағы кейбір елдерде кәмелет жасқа толмағандар үшін экранда өткізуге болатын уақытқа шектеулер енгізілген. Бұл ереже балалардың көп уақытты әлеуметтік желіде өткізбеуіне ықпал етуге бағытталған.
8. Тәртіп бұзушыларға санкциялар: TikTok платформада ережелерді бұзған немесе қауіпті контент таратқан қолданушыларды жазалау мақсатында аккаунттарды уақытша немесе тұрақты түрде бұғаттауды жүзеге асырады.
Айта кетейік, биыл сәуірде Қырғызстан үкіметі көптеген өтініштерді ескере отырып және жүргізілген мониторинг негізінде Қырғыз Республикасының аумағында TikTok қызметін тарату қызметін тоқтату туралы шешім қабылдаған болатын.
Дайындаған: Анара Бауыржанқызы