ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов елімізде цифрлық теңгені енгізуге қатысты шешім жыл соңына дейін қабылданатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Цифрлық теңгені енгізуде ауқымды шаруаны қолға алдық. Осы мақсатта халықаралық валюта қоры және дамыған елдердің орталық банктерімен тығыз әріптестікте жұмыс істеп жатырмыз. Таяуда ғана біздің команда Вашингтонға барып, халықаралық валюта қоры өкілдерімен кездесіп өткізіп, атқарылған жұмыс пен жоспарымызды таныстырдық», - деді Ғалымжан Пірматов Ұлттық банкте өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, цифрлық теңгеге қатысты шешілуі тиіс техникалық тұстары бар.
«Биыл 1 шілдеге дейін цифрлық теңгені енгізудің методикасы бекітеміз. Ал жыл соңына дейін нақты енгізу туралы шешім қабылдайтын боламыз. Аталған шешімді қабылдауда техникалық орындау уақытты талап етеді. Дегенмен жыл аяғына дейін шешімін табады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр», - дейді ол.