21 мау, 2021 сағат 21:11

«Цифрлық Қазақстан»: eGov.kz порталында цифрлық құжаттар пайда болды


eGov.kz порталы тағы бірнеше құжаттардың цифрлы нұсқасын енгізді. Атап айтқанда, енді аталған порталда жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, туу туралы куәлік, COVID-19 бойынша ПТР-тест нәтижесінің  цифрлық нұсқасы eGov.kz порталында қолжетімді болып отыр, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат». 

Бұл туралы eGov.kz порталының операторы – «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-сы мәлімдеді.

«Азаматтардың көптеген сұранысы бойынша біз цифрлық құжаттарды eGov.kz порталына шығардық», - делінген ресми хабарламада.

Бұл жаңалықты алғаш болып естіп, аталған қызметті алғаш алушылардың бірі Дәулет Естанов неке қию туралы куәлігінің цифрлық нұсқасын таңдаған. 

«Отызымда орда бұзып, өткен айда үйлендім. Келіншпегім екеуіміз ресми неке қияюға онлайн өтішіш жазып, енді неке қию туралы куәліктің цифрлы нұсқасын көріп отырмын. Алғаш тұтынушылардың бірі екенімді ескеріп, біздің елдің дамып жатқанына, Қазақстанның шыным ен цифрланып жатқанына қуандым әрі көз жеткіздім. Бұл қарапайым азаматтар үшін де өте ыңғайлы қызмет түрі екен», - дейді алматылық Дәулет. 

Цифрлық құжаттарды көру үшін алдымен порталда авторизациядан өту керек. Одан кейін «Жеке кабинетке» кіріп, жоғарғы жақта тұрған «Цифрлық құжаттар» бөлімін басу қажет. Сол кезде жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, туу туралы куәлік, неке туралы куәлік, аты-жөні мен текті ауыстыру туралы куәлік, некені бұзу туралы куәлік, техникалық төлқұжат, COVID-19 бойынша ПТР-тесттің нәтижесі, студенттік билет, диплом, зейнеткердің куәлігі, қандастың куәлігі, көлік құралын тіркеу туралы куәлік, әлеуметтік ID, вакцинация төлқұжаты сияқты құжаттардың тізімі шығады.

Сонымен қатар, eGov.kz порталының 5 түрлі жаңа қызметі 23 елде  қолжетімді болып отыр. Яғни Шетелдегі қазақстандықтар eGov.kz порталынан 5 түрлі жаңа қызмет ала алады. 

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин халық алдындағы есеп беру кездесуінде айтты. 

«Қазір әлемнің 23 еліндегі кез келген қазақстандық неке қиюға немесе бұзуға, тууды, қайтыс болуды және атын, тегін, әкесінің атын өзгертуге қатысты құжаттарды eGov.kz порталы арқылы бере алады. Елдер тізімі кеңейеді. Сондай-ақ паспорттар беру процесін ойластырып жатырмыз. Бүгінде құжаттарды дайындау мерзімі – 80 күн. Бұл ақпараттық жүйелердің жоқтығымен және құжаттардың дипломатиялық поштамен жіберілетінімен байланысты. Мәскеу елшілігінде пилоттық жоба іске қосылды. Оның арқасында аталған мерзім 30 күнтізбелік күнге дейін қысқарды. Шетелдік мекемелерде база орнатылады, құжатты беруді 18 күнге дейін жеделдететін боламыз», - деді Бағдат Мусин.

Айта кетейік, Цифрлық даму министрлігі болашақ экономикасының цифрландыру және электрондық мемлекеттік қызметтер, коммуникация мен байланыстың жаңа түрлері, үлкен деректер мен жиынтықты технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік, инновациялық экожүйе, ғарыш технологиялары мен геодезия секілді бағыттарына жетекшілік етеді.

«Цифрлық Қазақстан»  Мемлекеттік бағдарламасы 5 негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады: «Экономика салаларын цифрландыру»; «Цифрлық мемлекетке көшу»; «Цифрлық жібек жолын іске асыру»; «Адами капиталды дамыту»; «Инновациялық экожүйені құру» Бағдарламаның мақсаты — цифрлық технологияларды қолдану есебінен қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін арттыру болып табылады.

Жалпы, цифрландыру, аталған жобаның экономикалық тиімділігі 2 жыл ішінде алдын ала 802,5 млрд астам теңгені құрады. Инновациялық экожүйеге 32,8 млрд теңге тартылды және аралас салаларды есепке алғанда 120 000-ға жуық жұмыс орны құрылды. Жалпы Министрлік салалары бойынша 170 млрд астам теңге инвестиция тартылды.

Естеріңізге сала кетейік, eGov.kz порталының операторы – «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-сы азаматтардың көптеген сұранысы бойынша цифрлық құжаттарды eGov.kz порталына шығарғанын мәлімдеген болатын.