ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасының бағыттарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының Жолдауы аясында айтылған тапсырмасына сәйкес, «Цифрландыру, ғалым жәна инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы әзірленіп, бекітілді. Оның мақсаты елімізді заманауи мемлекетке айналдыру, цифрлық трансформация арқылы тиімді мемлекеттік басқаруды, сенімді деректер негізінде шешімдер қабылдауды, цифрлық дәуірде инфрақұрылымды тиімді және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылыми үлесін арттыру», - деп атап өтті Б. Мусин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, ұлттық жоба 10 бағыттан, 226 тапсырмадан, 44 көрсеткіштен және 211 іс-шарадан тұрады, оларды іске асыру 2025 жылға дейін жоспарланған.
«Ұлттық жоба екі блокқа бөлінген: «Цифрлық трансмормация» және «Ғылым» блогы. «Цифрлық трансмормация» блогы мемлекеттік қызметтерді 5 минут ішінде көрсету, IT саласын дамыту, халық үніне құлақ асатын және тиімді мемлекет құру, қолайлы өмір сүруге арналған цифрлық құралдарды қолдану, технологиялық және инновациялық бизнесті дамыту, сапалы интернет пен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттарынан тұрады.
Ал «Ғылым» блогында – «Ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту», «Ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру», «Елдің дамуына ғылымның үлесін арттыру» яғни ҒЫЛЫМ-ӨНДІРІС-БИЗНЕС ұстанымын қолдану және «Ғылымды әкімшілендіруді жетілдіру» бағыттары бар», - деп түсіндірді Б. Мусин.
Оның айтуынша, ұлттық жобаны іске асыру үшін 2,2 трлн теңге қаражат жұмсалады. Оның ішінде 1,4 трлн теңге мемлекеттік бюджеттен, ал 800 млрд теңге жеке инвестициялар ретінде тартылатын болады. Аталған ұлттық жоба Премьер-Министрдің қаулысымен 12 қазанда қабылданды.